«Қоқиқаз-2018» фестивалі өтеді

0
3 890

Алғаш рет 2005 жылы бастау алған байқау осымен 14-рет ұйымдастырылуда


«Қоқиқаз-2018» фестивалі өтеді

ERNUR.KZ. Ақмола облысының Қорғалжын ауданында 19-21 қазан аралығында «Қоқиқаз-2018» фестивалі өтеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Фестивалдің қоқиқаз атануы тектен тек емес. Қорғалжын - Юнесконың халықаралық мұра тізіміне кіретін екі қорықтың бірі. Астана қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде, Қорғалжын шұңқырында орналасқан. Ауданы 259,9 мың гектарды құрайды, оның 198 мыңы - акватория. Жалпы айтқанда, қорық аумағы екі үлкен Теңіз және Қорғалжын көлінен тұрады. 1976 жылы Теңіз-Қорғалжын көлдері халықаралық маңызы бар су-томар жерлерінің Рамсар тізіміне қосылған болатын.

2007 жылы ҚМТҚ көлдері ІВА басты орнитологиялық аумақтарының халықаралық желісіне енгізілді. 2008 жылы ҚМТҚ аумағы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Табиғат Мұрасының Тізіміне қосылды. Қорықтың биоалуандығы бірегей. Ол 374 өсімдік флорасы өкілдері мен Қазақ ұсақтөбе флорасының ширегі - 60 тұқымдастықтан және су мен жер беті жануарларының 1400-ден астам түрінен тұрады.

Қорықта құстардың 346 түрі бар, олардан 126-і - ұя салатындар. Теңіз-Қорғалжын көлдерінде құстардың су-томар кешені 112 түрден тұрады, ол Қазақстанға белгілі 130-дың 87 пайызын құрайды. Қорықта сүтқоректілердің 43, ихтиофаунаның 14 түрі бар. Жәндіктер толық зерттелген жоқ, тек 700 түрден астамы анықталды, бірақ олардың алуантүрлілгі 5000-ға жете алады. Қорықтың аумағында Қызыл Кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктердің 60-тан астам сирек түрі белгіленді.

Құстардың ішінде Қызыл кітапқа енгізілгендердің ең әдемісі - қызғылт қоқиқаз (фламинго) болып отыр. Мұнда кәдімгі қоқиқаздың ұя салу популяциясы орналасқан, оның саны кей жылдары 50-60 мың басқа жете алады.

Алғаш рет 2005 жылы бастау алған байқау осымен 14-рет ұйымдастырылып отыр. Оның 5-уі республикалық деңгейде.

Бұл жолғы «Қоқиқаз-2018» фестиваліне «Қазақстанның биоалуандығын сақтау қоры» коммерциялық емес қоры, «Қорғалжын экологиялық обсерваториясы» және «Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы» мекемелері ұйымдастырушылық танытуда.

Шараға Қорғалжын аудандық әкімдігі, Еуразиялық топ (ERG), Ақмола облысының туризм басқармасы және Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігі қолдау білдіруде. Фестиваль аясында қолданбалы өнер шеберлері туындыларының, көркемсурет, фотосуреттер, бейне ролликтер, әдеби туындылар байқауының қорытындысы шығарылады.