​Көкшетаулық кәсіпкерлер көпбалалы отбасыларға азық-түлік таратты

0
1 459

Қаланың белгілі кәсіпкерлері көмекке мұқтаж жандардың жағдайларымен танысып, отын-көмір жеткізді.


​Көкшетаулық кәсіпкерлер көпбалалы отбасыларға азық-түлік таратты

ERNUR.KZ. «Жақсылық жаса!» жобасы аясында көкшетаулық кәсіпкерлер тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жеткізіп, көпшілікті тəнті етті, деп жазады BAQ.KZ

Жығылғанға сүйеу, жабырқағанға демеу болып жүрген қаланың белгілі кәсіпкерлері көмекке мұқтаж жандардың жағдайларымен танысып шықты. Қайырымдылық бастаманы басқа кәсіпкерлер де іліп әкетіп, әл-ауқаты төмен отбасыларға отын-көмір жеткізіп берді.

Тұрмыс қиындығын тартып отырған жалғызбасты ана Нұргүл Қаржауова жеті баланы бір өзі асырап отыр. Көпбалалы отбасының қаржысы жеті баланы толық қамтамасыз етуге жетпейді.

«Қыста жұмыссыз отырмын. Балаларды жалғыз қалдыру қиын. Бір бөлмелі болса да өзіңнің баспанаң болғанға не жетсін. Мемлекет осы жағынан көмектессе ғой! Қыста жалдап тұрып жатқан үйіміздің қабырғасы сыз тартып тұрады. Қанша көмір жағып жатсақ та, дұрыс жылынбайды. Азық-түлік жағынан таршылық көріп жатқанымыз жоқ. Көмек көрсетіп жатқан жомарт жандарға ризашылығым шексіз», - дейді Қаржауова.

Көмекке мұқтаж жандарға қолұшын жиі созатын кәсіпорындардың бірі – «Гормолзавод» ЖШС ұжымы бұл жолы да игілікті істен сырт қалмады. Жылы сөз, жұмсақ алақанға зәру болған мұқтаж жандар қуаныштан көздеріне жас алып, алғыс-баталарын беріп жатты.

«Бұл – жүректен шыққан жылылық. Қала кәсіпкерлері осындай бастама көтердік, егер жақсылық жасайтындай жағдай туып жатса, неге көмектеспеске?! Әлеуметтік желіде пікір жазғанша, көмекке мұқтаж жандарға нақты көмек қолын созғанымыз жөн. Мұндай игілікті істі жарнама үшін жасамаймыз. Біз тек өз өнімдерімізді ғана жарнамалаймыз. Көкшетаулық кәсіпкерлерді осындай жақсы бастамалардан сырт қалмауға шақырамыз, қолдан келгенше қолдау көрсете білейік»,– дейді кәсіпкерлер.