​Көмірге телефон арқылы тапсырыс беруге болады

0
1 772

Осылайша жергілікті билік көмірді заңсыз сатумен айналысатын кәсіпкерлерді бақылауға алып, оларға жол бермеуді көздеп отыр.


​Көмірге телефон арқылы тапсырыс беруге болады

ERNUR.KZ. Семейде жеке секторда тұратын тұрғындардың тізімі жасалып жатыр. Осылайша жергілікті билік көмірді заңсыз сатумен айналысатын кәсіпкерлерді бақылауға алып, оларға жол бермеуді көздеп отыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Қалада көмір алыпсатарларымен қатаң күрес басталды. Қала әкімі Ермак Сәлімов бастаған бір топ жергілікті билік өкілдері көмір сататын орындарды аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Өйткені, қымбатқа сататын алыпсатарлар көбейіп келеді. Егер көмірдің тоннасы 7 400 теңге болса, делдалдар тоннасын 10 мыңға дейін саудалайды. Сондықтан оларға жол бермеу мақсатында енді тұрғындар қатты отынға телефон арқылы тапсырыс бере алады. Үйге дейін жеткізіп беру құны 8 600 теңге.

«Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, кәсіпорындар, теміржол бөлімімен тұрғындардың тізімін алдық. Осы арқылы біз тұрғындармен кездесіп, оларға қанша көмір керек екенін анықтаймыз. Содан кейін отынды үйіне дейін жеткізіп беретін болады», - деді қала басшысы.

Бүгінде Семейде қатты отын сататын 3 орын белгіленген. Бұл орындарға күніне «Қаражыра» көмір кен орнынан тәулігіне 20 вагон көмір жеткізілуі керек. Бірақ белгісіз себептермен тәулігіне тек 3 вагон көмір жеткізілуде. Қала әкімі бұл мәселені анықтайтынын жеткізді.

Тағы бір мәселе жеткізілген көмірді тұрғындардан бұрын алыпсатарлар қолды етеді. Олар жеке меншік көліктерімен көмір сататын орындарға таңертеңмен кезекке тұрып, сатып алып кетеді. Содан кейін үстінен баға қосып, тұрғындарға қымбатқа сатады. Қала әкімі заңсыз жеке кәсіпркерлікпен айналысып жүргендермен кездесіп, жұмыстарының заң талаптарына қайшы екенін ескертті.