Коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге: Жаңа көмекті кімдер алады?

0
8 800

Екі ай бойы 15 мың теңгеден алуға болады.


Коммуналдық қызметтер үшін 15 мың теңге: Жаңа көмекті кімдер алады?

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі карантинге жабылған өңірлердегі халықтың жекелеген санаттарының коммуналдық шығыны үшін 15 мың теңгеден аударылатынын мәлім етті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Қазақстан Республикасы президентінің төтенше жағдай мен карантин уақытында тұрғындардың коммуналдық қызметке төлейтін ақысының мөлшерін азайту бойынша жүйелі шаралар әзірлеу туралы тапсырмасын орындау аясында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі коммуналдық қызмет жеткізушілерімен келісім-шарты бар тұтынушылар үшін коммуналдық қызметті төлеуді қарастыратын тетік әзірледі", - деп жазылған министрліктің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.

Осылайша, карантин енгізілген өңірлерде әкімдіктер тұтынушылардың дербес (абоненттік) шоттарына 2 ай бойы ай сайын 15 мың теңгеден жіберіп отырады.

Мемлекеттік органдардың ұсынысы негізінде төлем алушылардың келесі санаттары анықталды:

- 1, 2, 3 топтағы мүгедектер;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- көп балалы отбасылар;
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және мүгедектер мен оларға теңестірілген адамдар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары;

- мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде, әскери қызметте, ғарышқа ұшуға дайындық немесе оны орындау кезінде, адам өмірін сақтау кезінде, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғауда қайтыс болған адамдардың отбасылары;
- ең төменгі зейнетақы немесе одан төмен зейнеткерлер;
- атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер.

Төлемді алу үшін тұтынушы ақпараттық жүйелер немесе call-орталық арқылы жеке сәйкестіндіру нөмірін, әлеуметтік дәрежесін және дербес шот деректерін көрсете отырып, әкімдікке өтінім беруі керек. Әкімдік ұсынылған деректерді тексереді, мәліметтер рас болған жағдайда коммуналдық қызметтер тұтынушысының дербес (абоненттік) шотына қаржы аударады.

Әкімдік тұтынушылардан өтінімдерді қабылдау және олардың растығын тексеруді дұрыстап ұйымдастыруы тиіс.