Кореяда қаза тапқан жігіттің денесі ертең елге жеткізіледі – СІМ

0
794

Кореяда қаза тапқан жігіттің қарындасы Тоқаевтан көмек сұрады.


Кореяда қаза тапқан жігіттің денесі ертең елге жеткізіледі – СІМ

ERNUR.KZ. Еске сала кеетейік, 2 қараша күні таңғы сағат 07:00-де Оңтүстік Кореяның Кёнсандо қаласында 22 жастағы Қазақстан азаматы Бейбарыс Арын жол апатынан қаза тапты. Марқұм – Түркістан облысы Арыс қаласының тұрғыны. Осы жағдайға байланысты марқұмның қарындасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгініп, ағасының денесін Қазақстанға ертерек жеткізуді сұрады, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Менің аты-жөнім Ақнұр Арын, Арыс қаласы тұрғынымын. Ағамның денесін елімізге жеткізу қиын болғандықтан, Сізден көмек сұрауға мәжбүрмін. Оның денесін 17 қараша күнгі жүк тасымалдаушы ұшақпен әкелмекші. Айтыңызшы, қай қазақ қайтқан адамды 15 күн ұстайды?! Жан дегендегі жалғыз ағам еді, анам екінші дәрежелі мүгедек. 2017 жылы жүрегіне ота жасатты. Анамның жағдайы қиын болып отыр. Әкемнің қайтқанына 9 жыл болды. Отбасымда менен кейін соңымнан ерген інім мен сіңлім бар. Олар әлі кішкентай, мектепте оқиды. Анама әлі естірткен жоқпыз, оның жағдайы өте қиын. Енді мен анамнан да айырылып қалғым келмейді. 10 қараша күні Инчхон қаласынан Алматыға шығатын жүк тасымалдайтын ұшақ бар. Сол ұшақпен ағамның денесін жеткізуге көмек берсеңіз деп өтінемін», - деп жүгінді марқұмның қарындасы Ақнұр Арын.

Бұл жағдайға байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров жауап берді.

«Мәселе шешілді. Оңтүстік Кореяда көлік апатынан қайтыс болған отандасымыздың денесі ертең таңертең Алматыға келеді, содан кейін түсте сағат 14-00-ден кейін Шымкент қаласына ұшақпен жетеді.
Біздің Оңтүстік Кореядағы елшілігіміз бен Air Astana компаниясының бірлескен іс-әрекетінің арқасында шешілді. Консул тиісті құжаттардың барлығын рәсімдеді және бүгін Сеул әуежайына барып барлығын қадағалайды. Қолымыздан келгеннің барлығын істедік», - деп хабарлады ол.