"Коронавирус кет, кет!": Беташардың қайда болғаны белгілі болды (видео)

0
1 349

"Коронавирус" әнін орындаған асаба өз ісіне түсінік берді.


фото видеодан скринделген

ERNUR.KZ. Беташарда коронавирус туралы ән айтып, елді билеткен асабаның кім екені анықталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тілшімен телефон арқылы тілдескен жамбылдық асаба Ерболат Нарбек 2020 жылдың 24 наурыз күні Тараз қаласының «Массив көктем» шағын ауданынан беташар рәсіміне шақырту алған.

«Марат ағамыз (Омаров –авт.) бір сұхбатында халықтың көңілін көтеру үшін сол әнді жазған болатынмын деп айтты ғой. Мен де сол елдің көңілін көтеру мақсатында орындадым. Ямахада сүйемелдеп тұрдық. Қонақтар жақсы қабылдады. Беташар соңында да халыққа бұл әнмен беташарды келеке ету үшін емес, осындай уақытта көңіл түспесін, еңсе түспесін, вирусты бірге жеңіп шығамыз деген ниетпен орындағанымды түсіндірдім», - деді асаба сұхбатында.

Ерболаттың сөзінше, ол қуаныш иелеріне ел аумағында төтенше жағдай жарияланғанын ескерткен. Сондықтан беташарға 30 адам ғана жиналып, қонақтар 15-20 минутта тарқасыпты.

«Беташарды далада жасады. Дастархан жайылып, тамақ берілген жоқ. Тез-тез бет ашып, қайттық. Адамдар әлеуметтік желіде басқаша мазмұнмен таратып жатыр. Бұлай болады деп ойламадым. Әнді бірінші рет айтып тұрмын, теріс мақсатым да болған жоқ», - деп түсіндірді Е.Нарбек.


Еске салсақ, елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде "Коронавирус, кет, кет!" деп беташарда билеткен асаба жұрттың ашуына тигені туралы жазған болатынбыз.