Коронавирусқа қатысты тараған 200-ге жуық жалған ақпарат анықталды - ДСМ

0
662

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жағдайы туралы күн сайын ресми ақпарат таратады.


Коронавирусқа қатысты тараған 200-ге жуық жалған ақпарат анықталды - ДСМ

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп коронавирус індеті туралы жалған ақпарат таратпауды сұрады, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қорқыныш тудыратын хабар таратуды тоқтатыңыздар. Олардың бәрі қауесетке толы екенін тағы да ескертеміз. Адамдарды шатастыру жақсылыққа апармайды. Сондықтан да ресми ақпараттарға ғана сүйеніңіздер. Халықаралық ұйымдар коронавирус туралы 200-ге жуық жалған ақпаратты тіркеді. Қауесеттер мен жалған ақпараттарды талдай отырып, олардың шындыққа жанаспайтынын айқын дәлелдеген журналистер мен блогерлерге алғысымызды білдіреміз», - деді Диас Ахметшәріп Қазмедиа орталығында өткен брифингте.

Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жағдайы туралы күн сайын ресми ақпарат таратады.

«Мен бүгіннен бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі болып тағайындалдым. Біз коронавируске байланысты жағдайды халыққа жедел жариялап отыру үшін осы коммуникациялық алаңды құрдық. Әр жұмыс күні, сағат 16.00-де Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі ретінде сіздерге күнделікті жағдайды түсіндіріп отырамын. Біз барлық азаматтар мен журналистерден үрей туғызатын жалған ақпарат таратуды тоқтатуды сұраймыз. Сондықтан да Президент, Үкімет және Денсаулық сақтау министрлігінің сайттары сияқты ресми дереккөздерді пайдалануды өтінеміз», - деді Д. Ахметшәріп.

Бұған дейін министрліктің ресми өкілі Ухан қаласынан эвакуацияланған студенттердің ауруханадан қашан шығарылатынын айтқан еді.

Оның айтуынша, 94 адам дене қызуы мен ЖРВИ шағымымен оқшауланған ауруханаға жатқызылды.