Коронавирустан көз жұмған науқастарды жерлегенде ескерілетін шаралар – мамандардың жауабы

0
699

Діни қызметші мен туыстары қайтыс болған адамның денесін ұстамайды


Коронавирустан көз жұмған науқастарды жерлегенде ескерілетін шаралар – мамандардың жауабы

ERNUR.KZ. ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті коронавирустан көз жұмған науқастардың мәйітін қарап-тексерумен, тасымалдаумен, жерлеумен айналысатын барлық адамдар жеке қорғаныш құралдарын, резеңке етік немесе қонышы ұзын резеңке бахилаларды пайдаланатынын айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Нақтырақ айтсақ, қорғаныс құралдарына жататын дүниелер - қолғап, бетті қорғауға арналған экрандар, сондай-ақ қорғаныш дәрежесі жоғары медициналық маска немесе респираторлар (кемінде 2-ші қорғаныш сыныбы немесе FPP2), таза, стерильді емес, ұзын жеңді суға төзімді халатты (немесе суға төзімді бір рет қолданылатын) костюм немесе суға төзімді комбинезон.

Сондай-ақ департаменттің хабарлауынша, мәйіт марқұмның туыстарына жерлеу үшін тасымалдау, жерлеу кезінде биоқауіпсіздік шараларының сақталуын түсіндіре отырып және тиісті қолхат ала отырып беріледі.

«Жерлеу іс-шараларын өткізу үшін (жаназа, арулау және т.б.) мәйітті туыстарына беруге рұқсат етіледі. Діни рәсімге тек бір ғана діни қызметкердің қатысуына жол беріледі. Бұл ретте діни қызметші мен туыстары қайтыс болған адамның денесін ұстамайды. Жерлеу рәсіміне қатысушылар жеке қорғаныш құралдарын (маска, қолғап) пайдалануы тиіс. Жерлеу барысында кем дегенде 2 метр қашықтықты сақтау қажет», - делінген.

Департамент мамандары «Коронавирустан көз жұмған адамның жақындары мәйітті қалаған жерге жерлей алатын болды. Себебі неде?» деген сауалға да жауап берді.

«Кез келген процесс сияқты, уақыт өте келе, инфекция туралы жаңа ақпараттың пайда болуымен регламенттеуші құжаттар да өзгерді. Қазіргі уақытта іс-шаралар ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2020 жылғы 25 маусымдағы №43 қаулысына сәйкес, COVID-19 диагнозымен қайтыс болған адамның мәйітін жерлеу үшін жеке зират бөлінбейді, жоғарыда айтылған сақтану шараларын ұстана отырып, мәйітті жалпы зираттарда жерлеу рәсімі жүргізіледі», - делінген жауапта.

Мекеме мамандары қауіпті індеттен, яғни КВИ-ден қайтыс болған адамдарды жерлеу жағдайлары туралы мәселе кімнің бақылауында екенін де түсіндірді.

«Мәйітті тасымалдау және жерлеу кезінде биоқауіпсіздік шараларының сақталуын бақылауды облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің аумақтық (қалалық және аудандық) бөлімшесінің маманы, ол болмаған жағдайда БМСК маманы жерлеу рәсімін жүргізуге жауапты адамдарда қолхаттың және жерлеу рәсіміне қатысушылардың жеке қорғану құралдарының болуын тексеру арқылы жүзеге асырады», - деп жауап берді.