"Қос билік" туралы сөздер Конституциялық кеңес экс-басшысының күлкісін келтірді

0
991

Конституциялық кеңестің экс-басшысы Игорь Рогов қоғамды дүрліктірген "кадрлық жарлыққа" қатысты пікірін айтты.


ERNUR.KZ. Қазақстанның тұңғыш президенті қоры атқарушы директорының орынбасары, Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Игорь Рогов соңғы күндері жұрт қызу талқылаған "кадрлық жарлыққа" қатысты пікір айтты, деп жазады sputniknews.kz.

"Жарлық Қауіпсіздік кеңесін басқаратын Елбасының ешбір құзыретін кеңейтпейді. Оның құзыреті Конституцияда, тұңғыш президент туралы конституциялық заңда және қауіпсіздік кеңесі туралы заңда белгіленген. Жарлыққа енгізілген өзгертулер қандай да бір лауазымды тұлғаларды тағайындауды келісу тәртібіне ғана қатысты. Ал ол жарлық бұрыннан бері бар. Оған тек кейде өзгерістер енгізіліп тұрды. Меніңше, бұл тұста лауазымдардың өзгеруіне байланысты ғана түзетулер енгізілді", - деді Рогов "Время" газетіне берген сұхбатында.

Еске салсақ, 9 қазандағы "Қазақстан Республикасы президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жарлық қоғамда қызу пікірталас туғызды. Жарлыққа сәйкес, кейбір тағайындаулар Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен келісілуі тиіс.

"Қос билік туралы айтыла бастағанда қоғамның реакциясына күлкім келді. Бұл қандай қос билік болуы мүмкін? Конституцияның 44-бабының 20-тармағында: "Президент Қауіпсіздік кеңесі мен басқа консультациялық-кеңесші органдарды, Қазақстан халқы ассамблеясы және Жоғарғы сот кеңесін құрады" делінген. Яғни, Қауіпсіздік кеңесі – конституциялық орган, бірақ ол консультациялық-кеңесші органдар қатарына кіреді", - деді Рогов.

Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары "Қауіпсіздік кеңесі – қандай да бір қос билік органы" деп жиі мәлімет таратады.

"Барлығынан саяси бюро элементтерін көру кеңестік кезеңнен келе жатқан әдет шығар! Президент – бұл жеке дара орган! Бізде қос билік жоқ! Ал Қауіпсіздік кеңесі қабылдайтын шешімдер – басшылығында Елбасы тұрған алқалы орган қабылдайтын шешімдер. Тұңғыш президенттің тарихи рөлі, тәжірибесі мен білімін ескере отырып, қазіргі мемлекет басшысы осы ұсыныстарды әрине қабыл алады. Бірақ елдегі билік президенттің қолында шоғырланған", - деді Игорь Рогов.

Рогов Еуропа кеңесі Венеция комиссиясының мүшесі, германиялық Рольф Мафаэльдің сөзін мысалға келтірді.

"Ол маған: "Сіздер бұл мәселені өте жақсы шешіпсіздер: тұңғыш президенттің тәжірибесін пайдаланып, тұрақтылық пен демократиялық даму жолын сақтай отырып, әрі қарай дами бересіздер" деді. Бұл шетелдік сарапшылардың берген бағасы. Сондықтан тағы бір мәрте бізде ешқандай да қос билік жоқ деп айтқым келеді", - деп түйіндеді Рогов.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли жарлық ережелерін түсіндіріп, президент мемлекеттің басты лауазымды тұлғасы ретінде министрлерді, өзіне есеп беретін күш құрылымдары және басқа ведомство басшыларын, сондай-ақ облыс әкімдерін тағайындау бойынша барлық шешімдерді қабылдайды деген еді.