Қостанай облысында астық жинау тоқтатылды

0
1 468

Ведомствоның хабарлауынша, қазір өңірде егілген дәнді-дақылдардың 37%-ы жиналған.


Қостанай облысында астық жинау тоқтатылды

ERNUR.KZ. Жаңбырдың қатты жаууынан Қостанай облысында астық жинау белгісіз мерзімге тоқтатылды, деп жазады inbusiness.kz.

«Астық жинауды өңірде жаппай жаңбыр басталғанда, бір апта бұрын тоқтатқанбыз. Егін алқабына шығуға ауа райы қолайсыз. Жаңбыр толассыз жауып тұр, жұмысты қашан бастайтынымыз әзірге белгісіз», - деп атап кетті әкімдіктегілер.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтановтың айтуынша, қазіргі уақытта облыста әр гектардан жиналған астық 4,6 мың центнерді құрайды, ал былтыр дәл осы кезеңде ол 10,7 болған. «Шығымдылық азайған, бірақ егін жинау енді басталғанын естен шығармау керек. Ауылшаруашылық технологияларына сәйкес, ең жақсы алқаптар ең соңынан жиналады. Сондықтан қазіргі шама әр гектардан 4,6 центнер болып отыр. Төмендеу екі есе екені байқалады. Бұл егін жинаудың басы ғана, қорытындыны қыркүйек айының соңында жасаймыз». - деп хабарлады «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне Сұлтанов.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жуырда өткен үкімет отырысында фермерлер мен жергілікті атқарушы органдарға ауа райының қолайсыздығына байланысты егін жинау науқанын жеделдетуді ұсынған болатын.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай, Алматы, Ақтөбе облыстарының астығы жаздағы қатты ыстықтан зардап шеккен.

Атап айтар болсақ, Қостанай облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ақпарынша, құрғақшылық өңірдегі егілген бидайдың 600 мың гектардан астамына залал келтірген.

Қостанай облысында биылғы жылы жалпы егіс алқабы 5 млн 275 мың га болған. Дәнді-дақылдар егілген 4 млн гектар жердің 3,4 млн гектарына биыл егін егілген.

Қостанай облысында астық жинау тамыз айының үшінші онкүндігінде басталған.

Алдын ала болжам бойынша, еліміз құрғақшылық салдарынан 1 млн тонна астықты жоғалтады.

Қазақстанда астық егетін басты үш өңір – Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары.