Қостанай облысында қабаған ит иесін шайнап тастай жаздады

0
683

Төбетті 3 жыл бұрын сатып алған.


Қостанай облысында қабаған ит иесін шайнап тастай жаздады

ERNUR.KZ. Қостанай облысында учаскелік инспектор ер адамды қабаған Кавказ төбетінен құтқарды, деп жазады Tengrinews.kz.

46 жастағы Евгений Жук 11 шілдені өзінің екінші туған күні деп санайды. Ол енді ғана есін жиып, өзін өлімнен құтқарған учаскелік аға инспектор Данабек Игембердиевке, аңшы Александр Халыкқа алғысын білдірді.

"Олардың көмегінсіз мені өз итім - Кавказ овчаркасы шайнап тастар еді", - дейді Евгений Жук ауыр күнді есіне алып.

Ол Лисаков қаласының жанындағы Октябрь кентінде тұрады. Төбетті 3 жыл бұрын сатып алыпты. Осы уақытқа дейін ит айтарлықтай өскен.

"Үйдегі жұмыстармен жүрдім. Кенеттен ит маған шабуыл жасады. Тіпті мен не болғанын түсінбей қалдым. Қабаған ит шабуылын үдете берді. Мен ит қапқан кезде есімнен айырылдым", - дейді ер адам.

Евгений Жуктың жанайқайын естіген әйелі Ирма жанталаса үйдің ауласына шығыпты. Ол итті күйеуінен сүйреп әкетуге тырысқан. Алайда ит оны да қауып алыпты. Соған қарамастан Ирма төбеттен қашып құтылып, көмекке адам шақырып үлгерген.

"Мен учаскелік полиция қызметкерінің нөмірін теріп, күйеуімді ит шайнап тастайды деп айғайладым", - дейді Ирма.

Учаскелік инспектор оқиға орнына бірнеше минутта жетіпті. Данарбек Игембердиевтің травматикалық тапаншасы болған.

"Жағдайды бағамдадым. Егер мен травматилық тапаншаны пайдалансам, ит одан әрі ашуланып, бұл оқиғаның соңы немен бітері белгісіз еді. Сондықтан аңшыдан көмек сұрауға тура келді. Ол жақын маңда тұрады. Ол қаруын алып, итті атып тастады. Басқа амал болған жоқ", - дейді учаскелік инспектор.