Қостанай облысында орман өрті көбейген

0
2 246

Қазіргі күні Қостанай облысының аумағында 60 орман өрті тіркелді.


Қостанай облысында орман өрті көбейген

ERNUR.KZ. Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында орман және дала өрттерінің алдын алу бойынша брифинг өтті, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыстық ТЖД бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Азамат Орымбаев табиғи өрттердің алдын алу және олармен күресу бойынша жүргізілген жұмыстарға тоқталды.

Оның сөзінше, отты абайсыз қолдану орман және дала өрттеріне әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, егіс алқаптарында жұмыс істейтін ақаулы техникалар тілсіз жаудың себепкері болады. Тек өткен тәулікте ғана 7 шөп шабу учаскесінде өрт шыққан. Осыған байланысты мобильді топтар облыс аумағында 594 бірлескен рейд жүргізді. Орман-дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаны үшін 31 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Қазіргі күні Қостанай облысының аумағында 60 орман өрті тіркелді. 2018 жылмен салыстырғанда олардың саны 62%-ға артты. Тиісінше, шығындар 3,3 есеге артып, 50 млн теңгеден асты», - деді А. Орымбаев.

Ведомствода А.Орымбаев атап өткендей, құрғақ шөпті, қоқыстарды өртеу, темекі тұқылын жағу - табиғи өрттің негізгі себептері саналады. Департамент өкілі облыс тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау туралы тағы да еске салды.