Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге салынған үйлерді су басып қалды

0
324

Аталған жайтқа байланысты облыс әкімдігі пікір білдірді.


Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге салынған үйлерді су басып қалды

ERNUR.KZ. Қостанай облысы Әулиекөл ауылында үйі өртеніп кеткендерге салынған 91 үй жауын-шашын салдарынан су астында қалды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Су астында қалған үйлердің суреті әлеуметтік желіде тарап кетті.

«Наш Костанай» басылымының жазуынша, аталған жайтқа байланысты пікір білдірген облыс әкімдігі үйлердің іргетасы судан зақымданбайды деп сендірді.

«Әулиекөл ауданындағы өрт салдарын жою аясында салынған үйлерге септик орнату қарастырылмаған, сондықтан уақытша септиктер мердігерлер есебінен жасалды. Бірнеше күн бойғы жылы температура, жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын салдарынан тұрғын үйлердің іргелес аумақтарында су жиналуы байқалады. Сонымен бірге инженерлік-геологиялық зерттеулердің мәліметтері бойынша, үйлер ылғалдан қорғалған, іргетасына су кірмейді, су басу қаупі төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде суды сору жұмыстары жүргізілуде. Тұрақты негізде су соратын техникалар кезекшілікте тұр. Сондай-ақ Бірлік ықшамауданындағы тұрғын үйлердің жеке кәріз жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталғаннан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі», - деді Құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Берік Таңжарықов.

Еске салайық, өрттен зардап шеккендер үшін салынған жаңа үйлердің кілті иелеріне Республика күні қарсаңында тапсырылған болатын. Бұдан кейін жергілікті билік құрылыстың мерзімінен бұрын аяқталғанын хабарлады.