ҚОСТАНАЙ: Өңір экономикасы дамып, әлеуметтік проблемалар шешіліп жатыр

0
318

Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты оң динамика байқалған.


ҚОСТАНАЙ: Өңір экономикасы дамып, әлеуметтік проблемалар шешіліп жатыр

Еліміздің әр өңірін дамыту күн тәртібінен түскен емес. Осы орайда біршама уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны іске асыру жұмыстары қолға алынған еді. Бірнеше министрлік біріге дайындаған жобаның негізгі мақсаты – әрбір өңірдің даму көрсеткішін, экономикасын ілгерілетіп, мемлекет басшысы ұстанған «тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру» саясатын іске асыру. Тиісінше, ел бюджетінен қаржы бөлініп, бүгінде жоспарланған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда Қостанай облысында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасамақпыз.


Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар Қостанай облысының әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан даму көрсеткішіне оң әсерін тигізіп жатыр. Оның ішінде өңір тұрғындарының табысы мен өмір сүру сапасы артып келеді. Тиісінше, 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты оң динамика байқалған.



ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНА МОЛ ҚАРЖЫ БӨЛІНГЕН

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске асырылып жатқан "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы және "Ауыл Ел бесігі" жобасы аясында сумен жабдықтау және су бұру бойынша 48 жобаны іске асыруға 20,5 млрд.теңге бөлінген. Одан бөлек, білім беру саласына бөлінген қаржы көлемі 149,1 млрд. теңгені құраса, 5,5 млрд. теңгеге 3 мектептің құрылысы жүріп жатыр және 105 білім беру ұйымдарында 6,7 млрд. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қостанай облысына қарасты 32 ауылдық елді мекенде 75 жобаны іске асыруға 6,7 млрд теңге бөлінген. Жалпы, өңірді дамытуға 2022 жылы республикалық бюджеттен 115,9 млрд. теңге және бюджетті нақтылау аясында тағы 31,7 млрд. теңге қаралған. Бұл қаражат ең алдымен әлеуметтік қажеттіліктерге, облыстың инфрақұрылымы мен агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталады және әкімдік аталған қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, өңір экономикасын одан әрі әртараптандыру мақсатында 2022 жылы облыста 38 млрд. АҚШ долларына 45 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Тиісінше, инвестициялық жобаларды іске қосу жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Өз кезегінде облыс әкімдігі инвесторлар үшін барлық қажетті жағдайларды жасау және белгіленген жобаларды уақытылы іске қосу жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет.


Осы орайда Үкімет басшысы Қостанай облысы әкімдігіне жылумен жабдықтау жобаларын іске асыруға қаражат бөлу мәселесін пысықтауды, «Қостанай-Денисовка» көлік жолын реконструкциялау жөніндегі жобаны уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз етуді, 2022 жылдың соңына дейін жергілікті маңызы бар жолдардың жағдайын жақсарту жөніндегі тиісті шаралар қабылдауды жүктегенін атап өту керек. Сонымен қатар, өңірде алдағы уақытта көпфункционалды медициналық мекеме болып ұлғайтылатын жаңа перинаталдық орталық салу, Әулиекөл ауданының «Достық» балалар мәдени жазғы сауықтыру кешенін қалпына келтіру үшін қаражат бөлу, Тобыл қаласында емхана құрылысын қаржыландыру жұмыстарын жүктеген еді.



ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ЖАНДАНЫП КЕЛЕ ЖАТЫР

Қостанай облысында "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асыру бағыты бойынша өткен жылы оң көрсеткішке қол жеткізілген. Дәлірек айтсақ, облыс бойынша 450,1 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3 674 пәтер пайдалануға берілді. Осы орайда өткен жылы Қостанай облысы тұрғынүй салу және пайдалануға беру көрсеткіштері бойынша республика көлемінде 6-шы орынға тұрақтаған. Ал, 2022 жылы әлеуметтік тұрғынүй құрылысының негізгі көлемі облыс орталығына тиесілі. Облыс орталығында жалпы құны 13 млрд.теңгеден асатын қаражатқа 45 несиелі және 4 жалға берілетін тұрғынүй салу жоспарланған. Биыл өңір бойынша баспана беру көрсеткішін 10 пайызға арттыру міндеттелген. Бұл 495,1 мың шаршы метрді құрайды.

Сонымен қатар, Қостанай облысында 2021 жылға жоспарланған "Еңбек" бағдарламасының көрсеткіштері де орындалған. Атап өтсек, жұмыспен қамту шараларымен жоспарға сәйкес, 29 919 адам қамтылған. Ал, биыл жұмыспен қамту шараларымен жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарынан кемінде 27 мың тұрғынды қамту жоспарланып отыр. Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және 486 адамды жұмыс орнында оқыту көзделген. Сондай-ақ, 500-ден астам азамат электрондық еңбек биржасы арқылы қажетті кәсіпке оқытылады. Және де "Бастау - Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 1250 адам жіберіледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК-ге дейінгі мөлшерде кемінде 605 грант беру көзделген.

Сонымен бірге, 2022-2025 жылдарға арналған "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы шеңберінде өңірге еңбек күші артық облыстардан азаматтарды көшіру бағдарламасын іске асыру жоспарланған. Осы ұлттық жоба аясында 2022 жылы өңірлік квотаға 700 адамды қосу жоспарлануда.

Атап өтсек, 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен ел тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы бекітілген. Сол базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көлік байланысын қамтамасыз ету атты екі бағыттан тұратын жобаның алғашқы бағыты бойынша ел азаматтарын тұрғын үймен қамту, коммуналдық секторды, жалпы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары атқарылатын болып жоспарланған. Атап өтсек, бас жоспарда мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған. «Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді. Елдімекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттара жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады» - делінген ұлттық жобаның төлқұжатында.

ERNUR.KZ