Қостанайлық полицей пойыздың астына түспек болған әйелді құтқарды

0
841

Рельсте жатқан әйел өмір сүргісі келмейтінін айтып, қарсылық білдірген.


Қостанайлық полицей пойыздың астына түспек болған әйелді құтқарды

ERNUR.KZ. Қостанай қаласы полиция басқармасының «Солтүстік» полиция бөлімшесінің қызметкері Леонид Бот кезекшілік барысында пойыз астына түсіп, өз өмірін қимақ болған әйелді құтқарды, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сүйенсек, оқиға таңғы сағат 04:00 шамасында Узкоколейный көшесінде болған. Тәртіп сақшысы темір жолының бойында бір әйелдің жатқанын, оның қасында бір әйелдің тұрғанын байқап қалады. Рельсте жатқан әйел өмір сүргісі келмейтінін айтып, қарсылық білдірген.

«Осы уақытта жақындап келе жатқан пойыздың дыбысы естілді. Полиция қызметкері жағдайды бағамдап, дереу көлігінен түсіп, көмекке ұмтылған.

Әйелді қолынан ұстап, орнынан көтеріп, рельс арасынан алып шығады. Майор Л.Бот облыс орталығының тұрғынын қауіпсіз жерге апарып, екі әйелді тыныштандыруға тырысқан.

Бұл ретте суицид жасамақ болған әйелдің құрбысы полиция қызметкеріне алғысын айтып, дер шағында тап болғанын атап өтті. Себебі егер тәртіп сақшысы болмаса, бұл жағдайдың қайғылы аяқталуы мүмкін еді», - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Тәртіп сақшысының сөзінше, мұндай жағдайға бірінші рет кезігіп отыр.

«Ең бастысы, не істеу керек екенін тез арада шештім. Әрине, біздің қызметте ерекше назар аударылатын физикалық қабілет көмектесті», - дейді Леонид Бот.