ҚР АШМ Қазақстан-Ресей шекарасында бақылаудың күшейтілуін түсіндірді

0
709

Қазақстан-Ресей шекарасында фитосанитарлық бақылау күшейтілді.


ҚР АШМ Қазақстан-Ресей шекарасында бақылаудың күшейтілуін түсіндірді

ERNUR.KZ. Қазақстан-Ресей шекарасында фитосанитарлық бақылаудың күшейтілуі коронавирусқа қатысты емес. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінен мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазақстан-Ресей шекарасында фитосанитарлық бақылаудың күшейтілуі ҚР АШМ мен Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметінің бірлескен жұмысының жалғасы болып отыр. Сондықтан аталған шаралардың COVID-19 вирусының таралу ахуалына ешқандай қатысы жоқ», - делінген министрлік хабарламасында.

Белгілі болғандай, Қазақстан жағы тиісті шараларды өткен жылы қабылдаған. РФ-мен шекара маңында 32 фитосанитарлық бақылау бекеті құрылып, олар елімізге ауыл шаруашылығы жүктерін күргізуде заң бұзушылықтарды анықтауға негізделген.

2020 жылдың басынан бері РФ аумағынан карантинге жатқызылған өнімді кіргізу кезінде талаптарды бұзудың 293 жағдайы анықталып, 10 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Ресейдің ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметіне 39 нотификация жіберілді.

Сонымен бірге, 2020 жылы Қазақстан кәсіпкерлері тарапынан заң бұзушылықтар анықталғандығы туралы нотификациялар келіп түспеген.

Жүргізілген жұмыс аясында, РФ үкіметі Ветеринарлық және фитосанитарлық қадағалау жөніндегі федералдық қызметке Қазақстан-Ресей шекарасында фитосанитарлық бақылауды күшейту тапсырмасын берді.

«Осы орайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі фитосанитарлық бақылау ауыл шаруашылығы дақылдары зиянкестерінің енуіне жол бермеуге бағытталғанын түсіндіруде. Бұл зиянкестер өсімдік шаруашылығына залал келтіреді. Осы тұрғыда фитосанитарлық бақылаудың күшейтілуі COVID-19 вирусының таралуы қаупіне еш қатысы жоқ», - делінген ведомство мәліметінде.