Күйеуі вахтаға кеткен әйел құрбыларымен ішкілікке салынып, баласы жайлы ұмытып кеткен

0
1 572

Балаларын әр жерге тастап кетіп, өздері бірнеше күнге ішіп кеткен


Күйеуі вахтаға кеткен әйел құрбыларымен ішкілікке салынып, баласы жайлы ұмытып кеткен

ERNUR.KZ. Ақтөбедегі «Үміт» сәбилер үйінде бас бостандығынан айырылған келіншектердің де балалары тәрбиеленіп жатыр. Орталық қамқорлыққа алған 50 баланың басым бөлігі ата-ана қамқорлығынсыз қалған нәрестелер, деп жазады Aktobenews.kz.

«Қазір бізде асырап алуға болатын екі бала бар. Біреуі туралы порталға шығарылды, екіншісінің құжаты дайындалып жатыр. Жылына асырап алуға оншақты бала туралы мәліметті порталға саламыз. Ата-аналық құқынан айырылғандардың да балалары келіп түсіп жатады. Олар бірінші қамқоршылыққа, кейін асырап алуға кетеді. Бізге қараусыз жүрген балалар да келеді. Әкесі вахталық жұмысқа кетіп, анасы ішкілікке салынып жүретіндер болады. Балаларын әр жерге тастап кетіп, өздері бірнеше күнге ішіп кеткен. Полиция қызметкерлері ондай жағдай жиі қайталанатын отбасындағы балаларды бізге әкеледі. Бұл бізде болып жатқан жағдайлар. Күйеуі вахтаға кеткенде әйел көршілерімен, құрбыларымен бірнеше күнге ішіп кетеді», — дейді «Үміт» сәбилер үйінің бас дәрігері Қадірбек Иманбаев.

Бас дәрігердің айтуынша, Ақтөбеде бала асырап алуға өтініш жазғандардың саны көбейген.

«Қазіргі уақытта бала асырап алуға сұраныс көп. Біз балалар туралы ақпаратты республикалық порталға салып тұрамыз. Бала асырап алуға ниетті ата-аналар өтінішті білім басқармасына тапсырады. Кейін халыққа қызмет көрсету орталығынан өз кілтін алады. Еліміздегі барлық сәбилер үйіндегі балалар туралы ақпаратты сол кілт арқылы қарайды. Олар арнайы портал арқылы өзіне ұнаған баласын таңдайды. Бірақ асырап алуға бала көп емес. Керісінше асырап алғысы келетіндер көп. Осыдан 10-15 жыл бұрын бала көп, асырап алатын адам жоқ болатын»,- дейді Қадірбек Иманбаев.