Күйеуінен кредитті жасыру үшін қулыққа барған әйелдің басы бәлеге қалды

0
871

Енді 39 жастағы әйелге құқық қорғау органдарын алдағаны үшін ірі көлемде айыппұл салынады.


Күйеуінен кредитті жасыру үшін қулыққа барған әйелдің басы бәлеге қалды

ERNUR.KZ. Алматы облысының тұрғыны тонау туралы жалған шағым бергені үшін қылмыстық жазаға тартылады, деп жазады sputniknews.kz.

Таяуда 39 жастағы жергілікті тұрғын үйіне пышақпен қаруланған екі ұры түсіп, оның 100 мың теңгесін қолды қылғаны туралы полицияға жеткізген.

Тәртіп сақшылары аталған фактіні қылмыстық кодекстің 191-бабының 2-тармағы "Тонау" бойынша тіркеп, тергеуге кірісіп кеткен. Бірақ мамандар екі күндік жедел-іздестіру шаралары барысында шын мәнінде тонау болмаған деген қорытындыға келген. Себебі жәбірленуші полицияға жауап берген кезде қайта-қайта шатасып, өз сөзіне қарама-қайшы сөйлеген, бұған қоса, бойынан жасандылық байқалған. Тексеріс кезінде әйелдің кейбір дәлелдері расталмады.

"Соңында ол әбден шатасып, тонау туралы әңгімені ойдан шығарып, полицейлерді алдағанын мойындады. Әйелдің банктен кредит алып, оны күйеуінен жасырғаны анықталды. Одан кейін банк қарызын өтеу үшін кредитті отбасылық бюджет қаржысымен төлегені белгілі болды. Келіншек жанұядағы ұрыс-керістен қорқып, бұл туралы күйеуіне айтпаған екен", - деп хабарлады полиция департаменті.

Құқық қорғаушылар қазір тонау бойынша тергеу аяқталғанын жеткізді. Дегенмен 39 жастағы әйелге қатысты қылмыстық кодекстің 419-бабының 2-тармағы "Қасақана жалған шағым беру" бойынша іс қозғалды. Бұл қылмыстық бап 4 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салудан бастап, бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаны қарастырады.