Құрбысы құжатын ұрлап алып, атына 5 несие рәсімдеген

0
1 339

Бүкіл шоты бұғатталған.


Құрбысы құжатын ұрлап алып, атына 5 несие рәсімдеген

ERNUR.KZ. Талдықорғандық мұғалім Ләззат Мұсабекова бала күннен бірге құрбысының жеке куәлігін ұрлап алып, 5 банктен өз атынан несиеге ақша алғанын айтады. Ендігі жалақысын ала алмай жүрген әйел қарыз алған адамның өзі емес, басқа екенін дәлелдей алмай жүр, деп жазады 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz.

Ләззат Мұсабекованың жалақысын ала алмай жүргеніне бірнеше ай болған. Оның шоты бұғатталған, ал өзі – алаятық жөніндегі қылмыстық істің жәбірленушісі. Ләззаттың көптен бері көріспеген құрбысы Ақмарал қыркүйек айында аяқ астынан қонаққа келіпті. Ал қараша айында мұғалім әйелдің жалақысынан ақша ұсталған.

«Бухгалтерияға барып ем, ақшаның бір бөлігін банк несиенің төлемі үшін алғанын айтты. Алайда ол несиені мен алған жоқпын. Банкте маған менің құжатым бойынша несие рәсімдеген адамның суретін көрсетті. Ол менің құрбым болып шықты. Ол сол банкте менің атыма 2 несие рәсімдепті», - дейді мұғалім.

Сол кезде әйел өзінің жеке куәлігін көптен бері қолына алмағанын есіне түсіреді. Артынша құрбысының тағы бірнеше несие алғаны анықталыпты. Бүгінде Ләззат Мұсабекованың атында жалпы саны 5 несие қарызы тұр. Қарыздың жалпы сомасы жарты миллион теңгеден асады.

«Құрбым екеуіміз шынымен де аздап ұқсаймыз. Алайда банк қызметкерлері екеуімізді ажырата алмайтындай ұқсаспыз деп айта алмаймын. Оның басқа адам екені көрініп тұр ғой. Ендігі бүкіл шотым бұғатталған. Өзімнің де екі несием бар», - дейді ол.

Ләззат құрбысын соңғы рет 13 желтоқсанда көріпті. Сол кезде Ақмарал кешірім сұрап, ақшасын қайтарып беретінін айтқан. Алайда содан кейін хабарсыз кеткен. Әйелдің туыстары оның қайда екенін білмейтіндерін айтып отыр. Сондықтан Ләззатқа полицияға жүгінуге тура келген.

«Талдықорғандық ІІБ алаяқтық әрекеттер жасады деген күдікпен 1971 жылғы Ақмарал Дүйсенованың іздестіріп жатыр. Бұған дейін Алматы облысының Ескелді ауданында тұрған», - дейді Алматы облыстық ПД баспасөз хатшысы Сергей Незнаев.

Ол күдіктінің қайда жүргенін білетіндерден полицияға хабарласуын сұрады. Телеарна мәліметінше, екі банк Ләззаттың жағдайын түсініп, несиесінің өсімін тоқтатқан. Алайда әйелдің тағы 3 қарызы бар.