Күрестен Әлем кубогіне қатысатын Қазақстандық балуандар анықталды

0
441

​10-11 желтоқсан күндері АҚШ-тың Айова штатындағы Коралвилл қаласында еркін және әйелдер күресінен Әлем кубогі жарысы өтеді.


Күрестен Әлем кубогіне қатысатын Қазақстандық балуандар анықталды

ERNUR.KZ. Биыл Xtream Arena-да ұйымдастырылатын белдесулерде ерлер мен әйелдер еркін күрестен алғаш рет бір спорт кешенінде жиналып, кім мықтыны анықтамақ, деп жазады vesti.kz.

Спортты дамыту дирекция­сының баспасөз қызметі мұ­хиттың арғы бетіндегі додада Қазақстан құрамасынан екі өкіл бақ сынайтынын мәлімдеді. Атап айтар болсақ, қыздар арасындағы 72 келіге дейінгі салмақтағы әлем рейтингінің көшбасшысы Жә­мила Бақбергенова мен ерлер арасындағы биылғы Азия біріншілігінің жеңімпазы Азамат Дәулетбеков (86 келі) әлем құрамасы сапында күреседі. Әр елдің таңдаулы бозкілем шеберлерінен жасақталған команда В тобында АҚШ және Қытай құрамаларымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Ал А тобында Жапония, Украина мен Моңғолияның бұрымды балуандары өзара күш сынасады.

Қытай құрамасы 72 келіге дейінгі салмақта бір ғана балуан – Цянь Дегенчаганды жарысқа қатыстырмақ (UWW рейтингінде ол 12-орында тұр). Жарыс қо­жайыны АҚШ қыркүйекте Бел­градта әлем чемпионы атанған Амит Элор мен Скайлар Эллисон Гротені таңдапты. Айта кетейік, Сербия астанасында Жәмила финалда дәл осы Амит Элорға есе жіберіп, күміс жүлдеге ие бол­ған еді.

Жәмила биыл Халықаралық күрес федерациясы (UWW) бе­кіткен барлық салмақтағы әлемдік рейтингті (72 келіге дейінгі салмақта) 1-орынмен аяқтағаны баршаға мәлім. Оның еншісінде 52 000 ұпай бар. UWW ережесі бойынша, жылды бірінші орынмен қорытындылағаны үшін оған Халықаралық күрес федерациясы 5000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы береді. Жәмила биыл бір­қатар толайым табысқа қол жет­кізді. Мәселен, ол әлем чемпио­натында мойнына күміс жүлдені ілген болса, Азия біріншілігінде алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Болат Тұрлыханов атындағы Гран-при жарысында да дара шық­ты. Ал Ислам ойындары са­йы­сында қола жүлдені қанағат тұтты.

Ал отандасымыздың басты қарсыласы – Амит бір жылда жас­тар, 23 жасқа дейінгілер және ересектер арасында әлем чемпионатында топ жарған бірінші америкалық балуан екенін атап өтейік.

Әлем кубогінде отанда­сы­мызға кімдер қарсылас атанбақ? Моңғолия осы салмақтағы бет­кеұстары Даваанасан Энх Амар мен Сарнай Баярбаатардың жолына үмітпен қарайды. Украи­на да өз көшбасшысы Анастасия Алпееваға сенім артады. Ол қазір рей­тингте 13-сатыда тұр. 21 жас­тағы балуан биыл Испанияда 23 жас­қа дейінгілер арасындағы әлем чем­пионатында қолаға қол жет­кізген.

Бір қызығы, Жапония бұл салмақта ешкімді апармайды. Бапкерлер Ослодағы әлем чем­пио­натының жеңімпазы Ма­сако Фуруичиға да, басқа спорт­шы­ларына да демалыс беруді жөн санапты.

Айта кетейік, Әлем кубогін жыл сайын Халықаралық күрес федерациясы (United World Wrestling) ұйымдастырады. Мұн­да әлем чемпионатында жалпы есепте үздік шыққан 5 құ­рама мен әлем құрамасы (өзге құрамалардағы үздік балуандардан жасақталған) күш сынасады.

Қазақстандық күрес жан­күйерлері Коралвилл қаласын­дағы тартысты белдесулерді Халық­аралық күрес федерациясының (United World Wrestling) ресми сайтының тікелей эфирінен көре алады.