"Қылмыскерді жұмысқа тартыңыздар": Әйелін тірідей өртеп жіберген әке балаларына алимент төлемейді

0
800

Қылмыскер 18 жылға түрмеге қамалып, 11 миллион теңге көлемінде материалдық шығын төлеуге міндетті болған.


ERNUR.KZ. Әйелін қастандықпен өлтірген оның күйеуі балаларына алимент төлемейді екен. Ал жетім балаларды асырап отырған марқұмның әпкесі Айгүл Дәрменова бірнеше жылдан бері күйеу баласын жұмысқа тартуды айтып, шырылдауда екен. Төрт баланың әкесі өз әйелінің үстіне бензин құйып өртеп жіберген. Бес жыл бұрын түрмеге жабылған ер азамат балаларына ақша төлеуден бас тартып отырған көрінеді, деп жазады Stan.kz.

Айгүл Дәрменова күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандығын айтуда. Бес жыл бұрын оның туған сіңілісін күйеуі айуандықпен өлтірген: ер азамат төрт баланың анасының үстін бензин шашып, өртеп жіберген. Қылмыскерді 18 жылға түрмеге қамап, 11 миллион теңге көлемінде материалдық шығын төлеуді тағайындаған. Дегенмен сот үкімі марқұмның жақындарын қанағаттандырмапты. Қанат Садуов бүгінге дейін бала-шағасына бір тиын да төлемей отыр екен.

"21 жыл бойы әйелінің мойнына асылып өмір сүрген еді, енді оған мемлекет қамқорлық көрсетіп отыр. Өмірі сол, маған барлығы болады деп ойлайды. Егер ол ақша төлей алмаса, онда биліктегілер төлесін ақшаны. Балалар ата-ана мейірімінсіз қалды", - дейді марқұмның әпкесі Айгүл Дәрменова.

Көз жұмған әйелдің үлкен баласының жасы 25-ке, екіншісі 18-ге келіпті. Екеуі де жұмыс істейді екен. Айлық жалақылары 100 мыңға әрең жететін көрінеді. Ең кішісі мектепте оқиды. Ал балаларға берілетін жәрдемақы 120 мың теңгені құрайды. Оның 80 мыңы үйдің жалдамалы ақысына жұмсалады.

Айгүл Дәрменова түрме басшылығына арнап бірнеше рет хат та жолдапты. Онда әйел қылмыскерді жұмысқа тартуды сұрапты. Бірақ бірнеше жылдан бері ондағылар тек бос уәде берумен ғана шектеліпті. Ал бұған дейін бақилық болған Светлана Дәрменова өзінің қатыгез күйеуінен қорғау сұрап, полицияға шағымданыпты. Бірақ ол кезде де оның өтініші орындалмапты.

"Нұр-Сұлтанда бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Қанша жердің табалдырығын тоздырды. Алайда оған ешкім қорғау бола алмады. Енді қазір оның балалары тағы қиналып отыр", - дейді Айгүл Дәрменова.

Қайғылы жайттың балалардың психологиясына қалай әсер еткенін елестету мүмкін емес. Олардың үлкені де кішісі де түсірілімге қатысудан бас тартыпты.

"Әсіресе 8-наурыз мейрамына қарсы балалар қатты қиналады. Басқалардың өз аналарын құттықтап жатқанын көріп қаймығады. Дегенмен олардың да саналары бұл жағдайға үйренді. Мені, әжелерін құттықтап жатады. Бірақ біз қанша дегенмен олардың анасының орнын баса алмаймыз ғой", - деп қамықты марқұмның әпкесі.