​Қысқы ҰБТ: 100-ден аса талапкердің тестілеу нәтижесі жойылды

0
1 803

Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов мәлім етті


​Қысқы ҰБТ: 100-ден аса талапкердің тестілеу нәтижесі жойылды

ERNUR.KZ. Үстіміздегі жылдың 18-20 қаңтар күндері өткен білім сынағында 118 талапкер ҰБТ тапсыру ережесін бұзып, олардың тестілеу нәтижелері жойылды. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Өкінішке қарай, 118 талапкердің тестілеу нәтижесі жойылды, оның ішінде ҰБТ-ға 2 бөгде адамның кіргені анықталды. Қалғандарының себептері әртүрлі, яғни ұялы телефон ұстау, шпаргалка пайдалану және тағы басқа», - деді ол.

Одан бөлек, Ұлттық тестілеу орталығының басшысы сұрақтардың мазмұнына жауап беретін апелляция комиссиясының жұмысына тоқталды.

«Тест сұрақтарының мазмұнына қатысты республикалық апелляция комиссиясына 8 өтініш түсіп, оның 3-уі қанағаттандырылды. Өткен жылдың нәтижесіне келсек, барлығы 243 өтініш түсіп, оның 101-і қанағаттандырылды. Атап айтқанда, 21 дұрыс құрылмаған тапсырма, 56 жауап кодының сәйкес келмеуі және тағы басқа. Жалпы, біздің базада 120 мыңнан астам тест тапсырмасы бар», - деді Р.Әлімқұлов. Айта кетсек, бүгін биылғы қысқы ҰБТ нәтижесі белгілі болды. Оған барлығы 34 687 талапкер қатысты.