Қытай елшілігі Білім министрлігіне 27,5 млн теңгеге оқулық алып берді

0
1 883

Ашылғанына 10 жыл болған Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебі оқушылары 9 жылдан бері қытай тілін меңгеріп келеді.


Қытай елшілігі Білім министрлігіне 27,5 млн теңгеге оқулық алып берді

ERNUR.KZ. 27,5 млн теңге жуық қаржы Қазақстандағы қытай тілін оқытатын мектептерге оқулық пен дәптер, дискілер мен басқа да құралдар алып беруге жұмсалған, деп жазады baq.kz.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 1 желтоқсанында Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының қытай тілін үйренуінің маңызы зор екенін атап өткен болатын. Осы бастаманы қолдау және екіжақты достық қатынасты, мектептермен ынтымақтасты нығайту, сонымен қатар қазақстандық оқушылардың қытай тіліне деген қызығушылығын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігі ҚР Білім және ғылым министрлігіне қытай тілінің оқулықтарын сыйлады.

«Бүгін осы жерге көп бала мен мұғалім келгеніне қуаныштымын. Нұр-Сұлтанда 4 мектепте қытай тілі оқытылады. Балаларға қытай тілі қатты ұнайды. Қытай тілін үйреніп жүрген балалардың жақында Қытайға барып, қытайлықтардың өмірі, мәдениеті, тарихын біліп келгендерін білесіздер. Қазір осында олар келді. Ал, бүгінгі шараға келетін болсақ, мұндай шара жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Қытай тілін оқу – екі ел арасын жақындататын рухани құрал. Сондықтан біз тұрғындар бір-бірін жақсы танығанын, үйреніскенін қалаймыз. Тіл үйренуде мектеп жасы өте қолайлы кезең болғандықтан, балаларға оқу барысында қолдау көрсеткіміз келеді. Келесі жылы мектеп саны 5-6 болып көбейеді деп үміттенеміз. Себебі қытай тілі, мәдениетіне деген сұраныс жоғары. Жақында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескенде Конфуций институтының санын арттыруды қолдайтынын айтты. Былтыр желтоқсанда Елбасы қытай тілін үйретуге мән беруді бастады. Сондықтан біз осы бастаманы қолдауды міндет деп білеміз. Елбасы мен президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін әлі талай жұмыс істеуіміз керек. Болашақта екі елдің ынтымақтастығы мен серіктестігін нығайту үшін қытайтанушы, қытай тілін үйретушілердің саны көбейеді деген үміттеміз», - деді Чжан Сяо.

ҚР БҒМ Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының міндетін атқарушы Эльмира Асанның айтуынша, екі ел арасында үкіметаралық келісім аясында студенттер үшін жыл сайын 100-ге жуық грант бөлінеді.

«Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында түрлі салада халықаралық шарттар бар. Оның ішінде Білім және ғылым министрліктері арасында студенттерді алмасу іске асырылып жатыр. Жыл сайын Қытай үкіметі қазақстандықтар үшін 100-ге жуық грант бөледі. Қазақстан да сондай көлемде грант бөледі. Қазіргі таңда Қытайдағы ЖОО 1300-ге жуық қазақстандық студент білім алып жатыр», - деді ол.

Нұр-Сұлтандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жакенов оқу ордасының ашылғанына 10 жыл болса, ондағы білім алатын балалар 9 жылдан бері қытай тілін меңгеріп жатқанын атап өтті.

«Біздің мектепте тек қытай тілі ғана емес, тағы 6 шет тілі оқытылады. Алайда, қытай тіліне ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылы қытай тілін оқи бастаған оқушылар биыл нәтижелерін көрсетіп жатыр. Әрбір тілге маусымнан уақыт беріледі. Қытай елшілігіне ерекше алғыс айтқым келеді. Беріліп жатқан кітаптар – қытай тілін жаңадан бастап жатқан оқушыларға үлкен әдістемелік құрал, жеңілдік», - деді Жакенов.

Нұр-Сұлтан қаласының №81 "Astana English School" гимназиясының директоры Гүлнар Садықованың айтуынша, өзі басқарып отырған мектепте балалар қытай тілін екінші тіл ретінде 2-сыныптап бастап меңгереді.

«Қазіргі таңда екі ел арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде. Болашақта барлық салада ынтымақтасу әлеуеті жоғары. Екі елдің халқы да бастамаларды қолдайды. Біздің мектеп оқушыларына Қытай елшілігі 1 аптаға Қытайға сапарды ұйымдастырды. Оқушылар елдің тарихы мен мәдениеті, әдебиетімен танысты. Бұл оқушыларға болашақта университет таңдауға да септігін тигізеді. Себебі, Astana English Shcool түлектері үздік шетелдік ЖОО-ларға түседі. Қытай тілі ағылшын тілінен кейін екінші шет тілі ретінде 2-сыныптан бастап оқытылады. Біз екі елдің достық қарым-қатынасын жоғары бағалаймыз. Әрі бұл ынтымақтастық жалғасын таба береді деген үміттеміз», - деді ол.