Қытай тұрғыны киіз басу өнерін жандандырып жүр

0
3 775

Шеберге көптеген атақты кісілер тапсырыс береді. Олар табиғи таза мата мен бұйымдардың қайталанбайтын дизайнына қызығады.


Қытай тұрғыны киіз басу өнерін жандандырып жүр

ERNUR.KZ. Қытай тұрғыны Шынар Нұрлан – киізді кәдеге жарататын хас шебер. Ол киім тігіп, түрлі бұйымдар жасайды, деп жазады 24.kz.

Киізді өзі басып, ұршықтың көмегімен жіп иіреді. Шебердің қолы ортақ. Шынар киім жасаудың бұл әдісін «жұмсақ мүсін» деп атайды. Бұл күртешені жасауға 20 күндей кеткен. Өйткені киіз басу – көп еңбекті қажет ететін іс. Киюге ыңғайлы болу үшін жұқа, ал тозбау үшін берік болуы керек. Шынарға көптеген атақты кісілер тапсырыс береді. Олар табиғи таза мата мен бұйымдардың қайталанбайтын дизайнына қызығады.

"Көбісі кедір-бұдыры сезілетін қатқыл матаны ұнатады. Әсіресе, табиғаттан алыс ірі қалаларда тұратын адамдар. Табиғатқа жақындауға мүмкіндік беретін заттарды таңдайды. Әзірше бұйымдарымды дүкендерге өткізіп жүрмін. Болашақта саудасымен өзім айналысқым келеді. Сатып қана қоймай, қалай жасалатынын айтып тұрамын. Туындыларым арқылы табиғат, кең дала жөнінде өз естеліктерімен бөліскім келеді" - дейді дизайнер Шынар Нұрлан.

Шынар дәстүрлі өнердің бұл түріне бет бұрғанына 10 жыл болды. Ауылда үйлену тойы кезінде алғаш рет киіз кілемнің қалай тоқылатынын көрген еді. Шынар 4 жыл бойы университетте оқыған есепші мамандығынан бас тартып, таулы ауылға көшеді. Өзі қой қырқып, жүнін тазалап, өңдейтін. Дегенмен әрі қарай оқу керек екенін түсінді. Алғаш рет өзі жасаған дорбаны Бейжіңдегі жәрмеңкеде сатыпты.

"Әкем маған үлкен әсер етті. Ол дәстүрлі өнерді жақсы көретін. Осы жерде тұрған көне жиһазды жинауға маған әкем көмектесті. Негізінен оның ықпалымен осы кәсібімімен айналыса бастадым. Ата-анамды жетістіктерімен қуантқым келеді", дейді Шынар Нұрлан.

Шынар көне заттарды да жинап жүр. Атасынан қалған бұл шабадан бір ғасыр бұрын жасалған. Болашақта Шынар жастарды осы өнерге баулуды көздейді.

"Үйренгісі келетін адам көп. Осы студияда оқытамын. Таныс музыканттарым бар. Олар осында өнерін көрсетсе, келушілер ұлттық аспаптарымызбен таныса алады" - дейді Шынар Нұрлан.

Әзірге Шынар жалғыз жұмыс істеп жатыр. Енді көбірек бұйым шығару үшін шеберлер тобын құру ойында бар. Басты қағидасы – техниканы қолданбау. Ол әр бұйымын жасау үшін жанын беріп жұмыс істейді.