Қытайдағы корона вирустың түріне қарсы елімізде екі зертхана ашылды

0
1 353

Қытайда белең алған белгісіз вирустың салдарынан бүгінде Қытайда үш адам көз жұмған.


Қытайдағы корона вирустың түріне қарсы елімізде екі зертхана ашылды

ERNUR.KZ. Қытайда белең алған белгісіз вирустың құрылымы анықталды. Көрші елдің есін алған жұмбақ вирусты анықтайтын тест-жүйені әзірлеу жұмыстары біздің елде басталып кетті, деп хабарлайды ktk.kz.

Еліміздің санитар дәрігерлері қазір осы шаруаға шұғыл кірісіпті. Әйтеуір көңіл көншітетіні, тұмауға шалдыққандардың қатары былтырғымен салыстырғанда 20 пайызға кем.

Қытайда белең алған белгісіз вирустың салдарынан бүгінде Қытайда үш адам көз жұмған. Дерт дендеген Ухань қаласына елімізден тікелей рейстер болмағанымен, Қытайға барып-келген 13 мың азаматымызды санитар дәрігерлер жіті тексеріп алыпты.

Қытай көршіміз болғанымен, елімізде белгісіз вирус жұқтырған азаматтар анықталмады. Ал корона вирустың бұл жаңа түрі елімізге енген жағдайда санитар дәрігерлер қамсыз қалмауға кіріскен. Сол үшін арнайы екі зертхана ашылыпты.

- Қазір елімізде корона вирусты анықтап қана қоймай, құрылымын, типтік түрін айтып беретін екі зертхана бар. Корона вирус анықталған жағдайда симптоматиялық емдеу жүргізуге дайынбыз, - дейді ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Бас санитарлық дәрігердің берген мәліметіне сенсек, биыл тұмаудың өршуі жылы ауа райына байланысты қараша айында басталған. Ел тұрғындарының 2 миллионнан астамына тұмау вирустарына қарсы екпе жасалған. Әсіресе жаңа туған нәрестелер мен қарияларға, жүкті әйелдерге ерекше көңіл бөлінген.

- Қазір бізде тұмау және тұмауға ұқсас респираторлық вирустық инфекцияның жағдайы тұрақты. Былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмен, - дейді ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, тұмау вирустарының өршуі қаңтар айының соңына таман күтіледі. Сондықтан тұрғындарға арнайы дәрумендер қабылдап, ерекше күтінуге кеңес береді.

Ал Қытайдың Ухань қаласынан өршіген белгісіз дерт қазірдің өзінде Жапонияда, Таиландта анықталды деген деректер бар. Бұл вирусты анықтайтын тес-жүйені әзірлеуге қазақстандық мамандарға бір жарым айдай уақыт керек.