Қытайдан дене қызуымен келген 54 адамның 16-сы ауруханадан шықты – Біртанов

0
891

Барлық науқастан ерекше зертханалық анализ алынды.


Қытайдан дене қызуымен келген 54 адамның 16-сы ауруханадан шықты – Біртанов

ERNUR.KZ. Қытай Халық Республикасынан 6 қаңтардан бастап келе бастаған 54 қазақстандық жоғары қызумен ауруханаға түсіп, оның ішінде 16 науқас емделіп шыққан. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгінгі брифинг барысында айтты, деп жазады baq.kz.

Министр 6 қаңтардан бастап, елімізде ерекше санитарлық шаралар енгізіліп жатқанын атап өтті.

"Біріншіден, Президент тапысырмасымен мемлекеттік деңгейде арнайы комиссия құрылды, ерекше шаралар жоспары бекітілді. Халықты инфекциядан қорғау мәселесі бойынша ҚХР мен Қазақстан арасындағы шекараның санитарлық қорғауы күшейтілді. Барлық келіп жатқан азаматтар күшейтілген санитарлық тексеруден өтуде. Қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадан 20 515 азамат өтті. Олардың арасында 19 989 ҚР азаматтары, 526 - шетелдік азамат", - деді Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сонымен бірге, бұл азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша бақылауға алынады. Қазіргі уақытта олардың 78 пайызы немесе 15 738 адаммен байланыс орнатылды.

«Жергілікті емханалар олардың денсаулығын бақылауға алады. Олардың арасында жергілікті және шетелдік 54 адам жоғары температура шағымымен ауруханаға жеткізілді. Олардың диагноздары вирустық инфекцияға байланысты. 16 науқасқа диагноз қойылып, емделіп, ауруханадан шығарылды. Енді жұқпалы аурулар ауруханасында 38 науқас емделіп жатыр», - деді Е. Біртанов.

Барлық науқастан ерекше зертханалық анализ алынды.

«Алматыдағы Әйтімбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы негізінде және Ұлттық биотехнологиялық орталық мамандарымен бірге арнайы генетикалық диагностика басталды. Осы зерттеу нәтижесі бойынша емдеу жүргіземіз», - деді министр.

Оның айтуынша, әзірге дүние жүзінде коронавирус жұқтырған 7 711 науқас тіркелді, 170 науқас көз жұмды. Сонымен бірге, жалпы 17 мемлекетте 90 науқас тіркелді.