Қытайға жөнелтілген 354 вагон кері қайтарылды

0
1 576

​Олардың барлығы азық-түлік жүгі бар жабық вагондар.


Қытайға жөнелтілген 354 вагон кері қайтарылды

ERNUR.KZ. 1 сәуірден бастап Қытай темір жолы азық-түлік жүктерін қабылдамауына байланысты «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС жабық вагондарды бастапқы тиеу станцияларына мәжбүрлі қайтаруда, деп жазады inbusiness.kz.

«Қазіргі уақытта 354 вагон қайтарылды. 300-ден астам вагонға өтінім келіп түсті. Жалпы қайтарылатын вагондар жиынтығы 700 бірліктен асты. Жөнелтушілер жүкті тиеу станциясына қайтарады немесе вагондарды жол бойындағы қойма қызметтерімен шарт жасасып, түсіреді. Биылғы жылдың 2 сәуіріндегі жағдай бойынша тоқтап тұрған жабық вагондардың ішінде шамамен 1100 бірлігі қалады», – деп жазылған «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС таратқан хабарламада.

Бұл ретте жүк жөнелтушілерден басқа мекен жайға ауыстыруға өтінімдер түсуде.

«Вагондарды алғашқы тиеу станцияларына қайтару-мәжбүрлі шара. Бұндай шешімнің себебі - Қытай теміржолымен жабық вагондардың қабылданбауы, сондай-ақ вагон иелерінің жылжымалы құрамды және жүк жөнелтушілерді қайтару туралы өтініші»,- деп атап өтті «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары Қанат Көбесов.

Соңғы төрт айда «ҚТЖ «ҰК» АҚ қытайлық әріптестерімен шекара маңы станциялардағы жағдай бойынша, оның ішінде мүдделі министрліктер мен ведомстволардың қатысуымен бірнеше мәрте кеңестер өткізді, алайда жазбаша уағдаластықтарға қарамастан, Қытай тарапы оларды орындауға асығар емес.

«Бұдан басқа, тоқтап тұрған жабық вагондар Қазақстан магистральдық желісінің өткізу қабілетін төмендетеді және де Достық станциясы бағытында тасымалдауды жүзеге асыратын басқа экспорттаушылар жүктерінің экспорты мен транзитіне шектеу шараларын қолдануға мәжбүр етеді», – деп жазылған хабарламада.