Қытаймен шекарада жүргізушілерден пара алған кеденші жазаланды

0
2 675

Сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылады.


Қытаймен шекарада жүргізушілерден пара алған кеденші жазаланды

ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қытаймен шекарадағы кеден бекетінің қызметкері жүк көліктерін кеден тіркеуінен кедергісіз өткізгені үшін пара алғанын айтты, деп жазады Tengrinews.kz.

"24 ақпанда Панфилов аудандық соты Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті "Нұр жолы" кеден бекеті бас маманына пара сомасының 35 еселенген мөлшерінде айыппұл салу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ, жүк көліктерінің 24 жүргізушісіне пара сомасының 10 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды", - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Динияр Биғайдаров брифингте.

Бұл ретте параның нақты мөлшері анықталмаған.

"Ол "Нұр жолы" кеден бекеті арқылы Қытайға жүк көлік құралдарын кеден тіркеуінен кедергісіз өткізгені үшін сыртқы экономикалық қызметке қатысушы жүк көліктері жүргізушісінен жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді", - деп нақтылады Биғайдаров.

Оның айтуынша, сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылады.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.