Қызылорда облысында 3 жасар бала жалғыз өзі пойызға мініп кеткен

0
866

Ол әжесімен бірге темір жол станциясында жүріп адасып қалған.


Қызылорда облысында 3 жасар бала жалғыз өзі пойызға мініп кеткен

ERNUR.KZ. Қызылорда станциясында жоғалған үш жасар бала табылды, деп жазады polisia.kz.

Қызылорда станциясының көлік полицейлерімен жедел іздестіру іс-шарасы нәтижесінде табылған үш жасар баланың “Алматы-Ақтөбе” бағытындағы жолаушылар пойызына адамдармен ілесіп, мініп кеткендігі анықталды.

2017 жылы туған Болат Ахмедиярдың жоғалғандығы туралы Қызылорда станциясының Желілік полиция бөліміне анасы хабарлаған. Оның айтуынша, Ахмедияр сол сәтте вокзал перронында әжесімен бірге жүріп, әжесі бір сәтте одан көз жазып қалған. Пойыз Жалағаш станциясына келген уақытта бала пойыздан түсірілген соң, анасы жетем дегенше сол станциядағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлерінің қарауында болған. Үш жасар Ахмедиярды көлік полицейлері анасына табыстады.

Бұл оқиға туралы Ахмедиярдың анасы Индира Тыныштыққызы былай дейді: -Төбемнен жәй түскендей болды. Темір жолдың қауіпті аумақ екені тағы бар. Ойымыз сан-саққа кетті. Полицейлердің жедел жұмыстарының арқасында балам аман-есен, тез табылды. Алғысым шексіз. Біз үшін естен кетпес оқиға болды.

Ахмедиярдың анасы Индира іздестіруге ат салысқан қызметкерлер ішінде полицейлер Кәжденбек Әлиев пен Рахат Мырзабайға ерекше алғысын білдірді.

"Жоғалған баланы іздеу үшін Қызылорда станциясының желілік полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері елеусіз қалатын нысандарды, адамдар көп жиналатын орындарды, вокзалға жақын ғимараттарды және пойыз вагондарын тексерді. Полицейлермен жүргізілген іздестіру жұмыстары барысында жоғалған бала вагон ішінен табылып, аман-есен үйіне оралды. Бүгінгі таңда баланың анасымен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде", – дейді Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары А.Жуматаев.