Қызылордада тасжолдан табылған 9 жасар бала не жағдай болғанын айтып берді

0
648

​Баланың әке-шешесі ұлының көлікке отырмағанын байқамай, кетіп қалған. Тасжолда келе жатқан баланы полиция тауып алды.


Қызылордада тасжолдан табылған 9 жасар бала не жағдай болғанын айтып берді

ERNUR.KZ. Қызылорда облысында ерлі-зайыпты баласын байқаусызда тасжолда қалдырып кетті, полиция қызметкерлері баланы тауып, отбасына қайтарды, деп жазады sputniknews.kz.

Оқиға 1 ақпан күні сағат 23:30-да болған. Жолды күзетуге шыққан полицейлер Қодаманов ауылының маңында жолда келе жатқан баланы байқаған.

Патрульдік ротаның полицейлері баланы Шиелі аудандық полиция бөліміне жеткізіп, не жағдай болғанын сұрайды.

Тоғыз жасар баланың ата-анасымен бірге келе жатып кездейсоқ жолда қалып қойғаны белгілі болды. Автокөлік жол жиегіне тоқтап, ата-анасы көліктен түскен. Осы кезде олардың артқы орындықта ұйықтап жатқан баласы оянып, ұйқылы-ояу дәрет сындыруға шыққан.

Тәртіп сақшылары шұғыл түрде "LADA Vesta" маркалы автокөлікке іздеу салады. Көп ұзамай тұрақтардың бірінен баланың ата-анасының көлігі табылды.

Полицейлер таңғалған ата-анаға баласын қайтарып берді. Олар баланы тасжолда қалдырып кеткенін ұлымен кездескен кезде бір-ақ білді.

Полицейлер түсірген видеода ер адам (баланың әкесі болса керек) оқиғаның қалай болғанын түсіндіреді.

"Бәріміз отырдық деп ойладық. Ол қалып қойып, айғайлаған – ештеңе естілмеді", - дейді ер адам видеода.