​Лифт ішінде жантүршігерлік қылмыс жасаған әйел ұсталды

0
2 256

60-тан астам жеріне пышақ салған әйел Наталья Никитинаның көршісі.


​Лифт ішінде жантүршігерлік қылмыс жасаған әйел ұсталды

ERNUR.KZ. Теміртауда 32 жастағы әйелді лифттің ішінде 60 жерінен пышақтап, қылқындырып, өлтіріп кеткен. Аталған қылмысқа байланысты Теміртау қаласының 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Күдікті әйел қылмысын мойындаған. ҚР Қылмыстық кодексінің «адам өлтіру» бабына байланысты іс қозғалды, деп жазады Baq.kz.

Өткен аптада теміртаулықтарды дүр сілкіндірген қылмыс болды. 8 қараша күні қас қарая азық-түлік дүкенінен қайтып келе жатқан 32 жастағы турфирма қызметкері Наталья Никитинаны өз үйінің кіреберісіндегі лифтте белгісіз біреу аяусыз пышақтап, өлтіріп кеткен. Полиция қызметкерлері Н.Никитинаны өлтірген күдіктіні анықтады.

«Теміртау қаласының туристік фирмада жұмыс істеген, 32 жастағы әйелдің өліміне қатысты ҚК 99-бабы 1-тармағы «адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тергеу кезінде полицейлермен Теміртау қаласының 37 жасар тұрғыны ұсталып, мойындау көрсетпе белгілерін берді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда және іс департамент басшылығының бақылауында. Басқа ақпараттар ҚПК 201-бабына сәйкес жарияланбайды», - дейді Қарағанды облысының Полиция департаментінің баспасөз xатшысы Бақытжан Құдияров.

Лифтте қан-жоса болып жатқан әйелдің өлі денесінің үстінен түскен куәгерлер оны суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген, мобильдік мессенджерлер арқылы таратқан. Бұл қарағандылықтардың ашуын туғызды.

«Адамдар аяушылықтан кетіп барады. Қандай да бір оқыс оқиға, төтенше жағдайлар, жол апаты, тіпті адам өліп жатса да алдымен суретке түсіріп алуға тырысады. Жастар тас жүрек болып өсіп келе жатқандай», - дейді қала тұрғыны Рымбала Өмірзақова.

Алдын ала мәліметтер бойынша, турфирма қызметкерін қылқындырып, мойнын сындырып, 60-тан астам жеріне пышақ салған әйел Наталья Никитинаның көршісі. Қаза болған әйелдің туыстарының айтуынша, Наталья Никитинаның азаматтық некедегі күйеуі көрші әйелмен ашына болған. Олардың тіпті ортақ 9 айлық балалары бар. Көрші әйел қызғаныштан осындай қадамға баруы мүмкін.