Маңғыстау облысында карантин жеңілдетілді

0
553

​Өңірде балабақшалардың, бильярд орындары мен ойын-сауық мекемелерінің қызметіне әлі де тыйым салынған.


Маңғыстау облысында карантин жеңілдетілді

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының бас санитар дәрігері Ғазиз Надуев эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты өңірдегі шектеу шараларын бәсеңдетуге шешім қабылдады, деп жазады sputnik.kz.

"Сауда ойын-сауық орталықтарына және жабық базарларға сенбі күні сағат 17.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді", – делінген хабарламада.

Кинотеатрлар 26 қазаннан бастап жұмыс істей бастайды: бірақ толымдылығы 30%-тен аспауы қажет.

Фитнес орталықтары бар спорт залдарға да дәл осындай шартпен жұмыс істеуге рұқсат етілді. Бұл мекемелер 23 қазаннан бастап өз жұмысын жалғастыра алады.

30 орыннан аспайтын жағдайда, жазғы алаңы бар қоғамдық тамақтандыру нысандарының жұмыс істеуіне рұқсат етілген. Кез-келген ұжымдық іс-шаралар өткізуге әлі де тыйым салынған.

Бөлек орналасқан ірі азық-түлік дүкендерінің – супермаркеттер мен гипермаркеттердің жұмыс уақыты 22.00-ге дейін ұзартылды.

Діни ұйымдардың қызметіне ұжымдық іс-шаралар өткізбейтін жағдайда рұқсат беріледі. Балабақшалардың (олардағы кезекші топтарды қоспағанда), компьютерлік клубтардың, бильярд орындары мен ойын-сауық мекемелерінің, банкет залдары мен түнгі клубтардың қызметіне әлі де тыйым салынған.