Маңғыстаулықтар өңірде төтенше жағдай жариялауды талап етті

0
262

Қуаңшылық қысқан сәтте шаруа қожалықтары қатты зардап шегіп отыр.


Маңғыстаулықтар өңірде төтенше жағдай жариялауды талап етті

Маңғыстаулық шаруалар өңірде төтенше жағдай жариялануын талап етуде, деп хабарлайды Stan.kz ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Өйткені қуаңшылық қысқан сәтте шаруа қожалықтары қатты зардап шегіп отыр. Аймаққа арнайы іс сапармен келген ауыл шаруашылығы минстрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. Жергілікті билік те, минстрлік өкілі де бұл мәселені басы ашық күйінде қалдырды.

"Қазір төтенше жағдай болмайды деген болатын. Бірақ ертең төтенше жағдай жариялауға мәжбүр боласыздар. Сондықтан да "Қыс келеді қырынан, қамыңды же бұрыннан" дейді. Халыққа бос сөз қажет емес. Халыққа нақты іс керек”, – дейді тұрғындар.

Кездесуде қоғам белсендісі Жәнібек Қожық құрғақ сөзбен ауыз сүртуді доғару керек, одан да нақты іске көшіп, қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға өтемақы төленуі тиіс екенін жеткізді.
Оның пайымынша, дер кезінде төтенше жағдай жарияланбаса бұдан әрі жағдай күрделеніп, тым қиындай түседі. Министрлік ол үшін қожалық иелері малдарын арнайы базаға тіркеуі тиіс екенін айтты. Әйтпесе, олар есепке алынбай қалуы мүмкін.

"Жағдайымыз төмен. Жер болса – мынау, шөптің тұрысы – мынау. Шөп – 1500 тг. Жем де 1500-ден. 10 кг сұлы 3 мыңнан асады. Түскен пенсияға жем алып, әуелі өзімізге қалғанын малымыздың аузына беріп жатырмыз. Өлген малдар көп”, – дейді жергілікті шарулардың бірі Әбен Кенжебаев.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев қиындыққа тап болған шаруаларға мемлекет көмектесетінін жеткізді. Ол үшін қазынадан қыруар қаржы қаралып та қойыпты.

"1, 9 млр теңге республикалық бюджеттен бөлінді. Ол ақша мына шаруа қожалықтарына сатып алынған шөп пен арпа-бидайдың арзандатылуына жұмсалады. Осы аптаның аяғына дейін ақша түседі. Процедураға сәйкес жергілікті әкімшілік облыстық әкімшілік комиссия құрып, тізімді бекітіп сол ақшаны әрбір жеке шаруа қожалықтарына бөліп беруі керек”, – дейді ауыл шаруалығы министрлігінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев.

Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасының пікірінше, бұл қаражат жеткіліксіз. Сондықтан үкімет дұрыстап есептеп нақты шығын көлемін шығаруы керек.

"Шынымен де, қомақты сомма болып есептеледі. Бірақ 1 млрд 800 мың алып, осы жерде ресми тіркелген 400 малға бөлетін болсақ, әр малға шамамен 5 мың теңге. 5 мың теңге деген бүкіл малдың қыстық азығы ма, көктемдік пе, күздік азығыма белгісіз. Жаңағы сома Маңғыстауға жеткіліксіз", – дейді “Шопан ата” ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Шаруалардың айтуынша, Қызылорда мен Ақтөбе облыстарында субсидия көлемі мүлде басқа. Онда әр мал басына 30 мың теңге төленеді екен. Күнін төрт түлікпен көріп отырғандар жұт келген шақта малдарын басқа өңірлерге көшіру туралы ұсыныс тастады. Егер төтенше жағдай жарияланса бұл мәселе өз шешімін табады деген үмітте.

Еске салсақ, Қазақстанға қуаңшылық қауіпі төніп тұр. Әсіресе егіс алқаптары орналасқан өңірлерде ыстық ауа райы күтіледі. Бұл Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қостанай облыстары.