Манту орнына БЦЖ салып, балалардың қолын іріңдеткен медбике қызметінен кетті

0
453

Қыркүйек айында Ақтөбедегі мектептердің бірінде медицина қызметкері мантудың орнына тірі вакцина еккен.


Манту орнына БЦЖ салып, балалардың қолын іріңдеткен медбике қызметінен кетті

ERNUR.KZ. Ақтөбеде 42 оқушыға манту сынамасының орнына БЦЖ салған медбике өз еркімен қызметінен кетті, деп жазады ulysmedia.kz.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің "Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы" бабы бойынша іс қозғалып, қазір сот-медициналық сараптама тағайындалыпты. Ал балалар күн сайын дәрігерлердің бақылауында. Олардың жағдайы туралы мәліметті облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар денсаулық сақтау министрлігіне жолдап отырғандарын айтты. Күзгі каникул кезінде 42 баланы сауықтыру орталығына орналастырыпты. Қазір бірінші сынып оқушылары сабағына барып жүр.

"№74 мектептегі жағдайдан кейін дереу комиссия құрылды. Бірінші комиссия облыстық денсаулық сақтау басқармасынан, екінші комиссия – денсаулық сақтау министрлігінен, үшінші комиссия – облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің сарапшылар тобынан құрылды. Комиссияның қорытындысымен "Медикус" орталығы қызмет көрсеткен төрт мектептің барлығын Қарғалы қалалық ауруханасына ауыстырдық. Бүгінгі күні ол орталық балалармен жұмыс жасамайды. Ал балалардың жағдайына келетін болсақ, ешқандай асқынулар жоқ. Каникул кезінде оңалту орталығында сауықтыру емін алды, қазір барлығы да сабаққа барып жүр. БЦЖ салған ревакцинация орнын Қарғалы қалалық ауруханасының дәрігерлері бақылап отырады", - деді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.

Естеріңізге салсақ, қыркүйек айында Ақтөбедегі мектептердің бірінде медицина қызметкері мантудың орнына тірі вакцина еккен. Кейін екі аптадан соң ата-аналар балаларының дене қызуы көтеріліп, қолы іріңдеп кеткенін айтып шағымданады. Бірінші сыныптың 42 оқушысының ата-анасы дереу тексеру жүргізуді талап еткен еді.