Маусым айында Павлодар облысында пневмониядан 27 адам көз жұмған

0
629

Тағы 44 науқас жасанды демалдыру аппаратына қосылған.


Маусым айында Павлодар облысында пневмониядан 27 адам көз жұмған

ERNUR.KZ. Павлодар облысында пневмониямен ауырып жатқандар саны көп. Бір ғана маусым айында аталған дерттен өңірде 27 адам көз жұмған деп жазады «Павлодар-онлайн». Қазіргі таңда облыста арнайы комиссия құрылып, марқұмдардың диагнозы мен өлу себебін қайта анықтамақшы, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Павлодарлықтардың пневмониядан қайтыс болып жатқанын облыс әкімінің орынбасары Сұңғат Есімханов мәлімдеген. Оның айтуынша, өткен жылдың маусым айында өңірде өкпе қабынуынан бірде-бір науқас қайтыс болмаған.

Аурудың дендеп кеткенін мойындаған облыс басшылығы ауруханадағы төсек-орынның санын арттырдық деп отыр: бұрын оның саны 840 болса, бүгінде 2379-ға жеткізілген. Олардың 290 орны инфекциялық ауруханаларда болса, 2037-і провизорлық орталықтарда, қалғандары карантиндік төсек-орындар.

Сұңғат Есімхановтың айтуынша, облыста қазір пневмония жұқтырған 44 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Шілдеде облысқа дәл осындай 8 аппарат әкелу жоспарланып отыр. Қазір өңірде олардың саны – 49.

Павлодар облысында коронавирустық жағдайдың өршіп тұрғанына қарамастан жергілікті тұрғындар той-жиын өткізуін тоқтатар емес. Күні кеше қызын ұзатпақ болған жергілікті тұрғындар анықталып, хаттама толтырылды.