Мәжіліс енді бұрынғы форматта жұмыс істемейді - Алмас Арзықұлов

0
2 283

Партиялар жеңіп алған орындарына қарай кімдер депутат болатынын жария етті.


Мәжіліс енді бұрынғы форматта жұмыс істемейді - Алмас Арзықұлов

ERNUR.KZ. Мәжіліске жаңа көзқарастағы және идеясы бар азаматтар келді. Яғни төменгі палата бұрынғы форматта жұмыс істемейді. Мәжілістің іріктелген жаңа депутаттары жайлы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Ақпараттық-талдау жұмысы бөлімі басшысының орынбасары Алмас Арзықұлов осындай пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Бүгін партиялар жеңіп алған орындарына қарай кімдер депутат болатынын жария етті. Үш партияның қай-қайсысын алсақ та, құрамы 70 пайызға жаңарғанын көріп отырмыз. Қазақстан халық партиясы болсын, Ақ жол немесе Nur Otan болсын құрамы біршама өзгерген, Президент тапсырған квота деңгейі сақталған», - дейді Алмас Арзықұлов.

Оның айтуынша, Nur Otan партиясынан ұсынылған депутаттардың ішінде барлық саланың өкілдері бар.

«Олардың ішінде мемлекеттік қызметте жұмыс істеген азаматтар, білім мен денсаулық сақтау, өнеркәсіп саласынан да, үкіметтік емес ұйымдардан да шыққан адамдар баршылық. Бұл жердегі баса назар аударатыны – Nur Otan партиясы жастар мен әйелдердің 30 пайыздық квота бойынша тапсырмасын орындап отыр. Одан бөлек жаңа көзқарастағы азаматтардың келгенін айтуға болады. Менің ойымша, Мәжіліс енді бұрынғы форматта жұмыс істемейді. Жаңа адамдар жаңа көзқараспен, жаңа идеямен, жаңа жобаларымен келеді. Олар саясатты бұрынғыдан қарағанда басқаша жүргізеді деген ойдамын», - дейді сарапшы.

Ол Ұлттық кеңес мүшелері қатарынан келген азаматтардың Мәжілістегі жұмыс анық байқалар деп үміт білдірді.

«Ұлттық кеңес мүшелері қоғамның өзекті мәселелерінің шешімін енді депутат ретінде табуға талпынары анық. Жаңа Парламенттің тағы бір ерекшелігі – жаңадан келген тұлғалармен қатар, бүгін саясатта жүрген, тісқаққан саясаткерлердің де қалуы. Түгелімен ауысып кетсе, кей жағдайда жол сілтейтін, түзететін адамдар қалмас еді. Саясатта жүрген біраз азаматтар Мәжіліс сапында қалды», - деді ол.

Еске сала кетсек бүгін «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі Бюросының шешімімен 76 кандидаттан тұратын тізім бекітілген болатын. Депутаттыққа кандидаттардың 7-уі ғана бұрынғы мемлекеттік қызметкер, яғни Фракция құрамында олардың саны 10%-тен аспайды.