Мәжіліс ядролық апат кезінде ТМД елдеріне көмек беру туралы келісімді мақұлдады

0
1 475

​Келісімді ратификациялау ядролық немесе радиациялық апат туындаған жағдайда ТМД елдері арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді, деді министр.


Мәжіліс ядролық апат кезінде ТМД елдеріне көмек беру туралы келісімді мақұлдады

ERNUR.KZ. Парламент мәжілісі ядролық немесе радиациялық апат туындаған жағдайда ТМД елдеріне өзара көмек көрсетуге мүмкіндік беретін келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Мәжілістің жалпы отырысында "ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, келісімді ратификациялау ядролық немесе радиациялық апат туындаған жағдайда ТМД елдері арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді.

"Бүгінгі таңда біз коронавирус пандемиясымен және басқа да жұқпалы аурулардың өршуімен бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл ретте төтенше жағдайларға ден қоюдың тиімді шараларын қабылдау, сондай-ақ көрші елдердің, соның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жедел ден қою және көмек көрсету жөніндегі үйлесімді іс-әрекеттері талап етіледі", - деді министр.

Келісім ядролық немесе радиациялық апат туындау жағдайында мамандандырылған құтқару құрылымдарын, мамандарды, құрал-жабдықтарды, көліктер мен осы құрылымдарды техникалық жарақтандыру үшін пайдаланылатын материалдарды трансшекаралық өткізу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Айтуынша, келісім ТМД елдерінің құзыретті органдары арасында өзара іс-қимылдың тиімділігі мен өнімділігін арттыруға, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты кез келген ықтимал оқиғаларға уақтылы ден қоюға бағытталған.

Атом энергиясын пайдалану саласында трансшекаралық авария немесе оқыс оқиға туындаған жағдайда, Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, құлақтандыру және ден қою жөніндегі шараларды қабылдайды.

Заң жобасын қабылдау келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарға әкеп соқпайды.

Келісім жобасы ТМД Экономикалық кеңесінің 2018 жылы 14 маусымда өткен отырысында мақұлданды. Оған 2018 жылы 2 қарашада астанада ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында Қазақстан премьер-министрі қол қойды.

Келісімнің тараптары: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан.

Мәжіліс келісімді ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады.