Медицина саласында ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғандар сотталды

0
552

Ақмола облысында аяқталмаған құрылыс нысандары бойынша бюджет қаражаты негізсіз төленгені анықталған еді.


Медицина саласында ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырғандар сотталды

ERNUR.KZ. Ақмола облысында медициналық жабдықтарды сатып алу үшін бөлінген бюджет қаражатын жымқырғандар сотталды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қалалық сотында Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-бөлімшесі бойынша қылмыс жасады деп айыпталған үш адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Сот анықтағандай, Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен оның сыбайласы - ЖШС директоры елде жарияланған төтенше жағдай кезеңінде өзара алдын ала сөз байласып, жеке медициналық жабдықтар (2 наркоз-тыныс алу аппараты, 7 медициналық төсек-орын және 1 өкпені жасанды желдету аппараты) сатып алуға бөлінген бюджет қаражатын жымқырған. Олардың бұрын қолданыста болған, өндірістен алынған және дайындаушы зауыттардан кепілдіксіз жабдықтар сатып алғаны анықталды. Бұл қолданыстағы заңнамада қойылатын талаптарға сәйкес келмейді. Сол себепті, осы екі сотталушы тарапынан жасалған қылмыстық әрекеттермен мемлекетке 86 млн 895 мың теңге - аса ірі көлемде материалдық залал келтірілді. Ал, Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері болып істеген Қ. Тәшметов болса, қызметінен босатылғанына қарамастан, жеке құжаттарға қол қойған. Соның салдарынан мемлекетке 25 млн теңгеден астам сомада материалдық залал келтірілді», - деді ведомстводан.

Облыстық соттың баспасөз қызметі атап өткендей, прокурор соттан сотталушылардың үшеуіне 10-8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Жәбірленушінің өкілі - Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы да заңның барлық қатаңдығы бойынша жаза тағайындауды сұрады. Сотталушылар кінәсін мойындамады.

«Сот үкімімен Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы мен оның сыбайласы - ЖШС директоры Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-бөлімшесі бойынша жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарға орналасуға өмір бойына тыйым салумен 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал, Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансердің бас дәрігері болып істеген Қ. Тәшметов Қылмыстық кодекстің 195-бабының 4-бөлігімен жеке эпизод бойынша (алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру) кінәлі деп танылды. Ол «ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының қолданылуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Аталған іс бойынша залал толық көлемде өтелді», - деп толықтырды ведомстводан.

Сонымен бірге, Қ. Тәшметовты «Парасат» мемлекеттік наградасынан айыру туралы ұсыныс енгізілді. Бұдан бөлек, сотталушы ЖШС директорының қымбат автокөлігі мемлекет кірісіне алынды.

Прокурор мен жәбірленушінің азаматтық талап-арызы қанағаттандырылды, сотталғандардан жәбірленушінің пайдасына 86,8 млн теңге сомасындағы материалдық залалды өтеу ортақ тәртіппен өндіріп алынды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, Ақмола облысында аяқталмаған құрылыс нысандары бойынша бюджет қаражаты негізсіз төленгені анықталған еді.