Мейрамбек Бесбаев ұйымды тәртіпке келтіріп үлгере алмады

0
837

​Билік авторлық қаламақы жинайтын ұйымдарды жаппай жабуда.


Мейрамбек Бесбаев ұйымды тәртіпке келтіріп үлгере алмады

ERNUR.KZ. Екінші жыл қатарынан дәмхана, тойхана, мейрамхана атаулы кең құлашты жұмыс істей алмай, шектелді. Олардың біразы банкрот болып жабылғанын көше аралаған жұрт маңдайшалардан байқап жүр, деп жазады inbusiness.kz.

Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер меңзегендей, бұл жағдай қазақстандықтардың 70 пайызы вакцина салғызғанша, яғни, азды-кем ұжымдық иммунитет пайда болғанша жалғасатынға ұқсайды. Ал ол күн әзірге алыс: 18,9 миллиондай азаматтың ішінде коронавирусқа қарсы екпе салғызғандар үлесі 1 миллионға да жеткен жоқ.

Осы орайда келушілердің көңілін көтеру үшін теледидар немесе динамиктер арқылы ән мен саз төгілтетін қоғамдық тамақтандыру орындарына басқа бір ұйымдар бәле болып жабысты. Мәселе музыкалық шығармалар үшін авторлық қаламақы жинайтын компаниялар жайында. Белгілі кәсіпкер, компания басшысы Сәкен Белгібай таяуда «Adal» атты авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі келіп, талап қойғанын әңгімеледі.

«Бұл бизнес үшін өте маңызды мәселе! «Adal» деген ұйым музыканы пайдаланғанымыз үшін олармен лицензиялық келісім бекітуімізді талап етті. Содан Әділет министрлігінің сайтын әрлі-берлі ақтарып, әлгі бірлестіктің мемлекеттік аккредитациясының бар не жоқтығы туралы еш ақпарат таппадым. Тиісінше, «Adal» өкілінен аккредитациясын көрсетуді сұрадық. Бұған жауап ретінде ол «Аманат» деген ұйымның аккредитациясы барлығын, сонымен ынтымақтастық туралы келісімге отырғанын алға тартып, авторлармен келісімдерінің тізімін көрсетті. Яғни, «Adal»-ға сенсек, ол «Аманаттың» рұқсат қағазын пайдаланып, кәсіпкерлерден авторлық және сабақтастық құқықтар бойынша сыйақы жинауға өзін құқылымын деп санайды», – деп таң қалды бизнесмен.

«Adal» тіпті өзімен келісім бекітпеген ақын, әнші, орындаушы және басқа авторлар үшін де сыйақы жинауға білек сыбана кірісіпті.

«Олар егер лицензиялық келісімшарт бекітпесек, бізді сотқа беретіндерін айтып, қорқытып жатыр. Жалпы, аккредитациясы жоқ кез келген ұйым келіп, бізден бөгде компанияның рұқсаты негізінде ақша талап етуіне неге билік құқық беріп қойған?» – деп сауал тастады кәсіпкер.

Әділет министрлігі: Бұл – заңсыз! Ведомство «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңына сәйкес, автордың немесе құқық иеленушiнiң өз туындысын пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы барын мәлім етті. Оның мөлшерi мен есептелу тәртiбi авторлық шартта, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен (құқықты ұжымдық басқару ұйымы немесе ҚҰБҰ) арада жасасатын шарттарда белгiленедi.

«Алайда ҚҰБҰ-лардың аккредитация арқасында алған өз өкілеттіктерін басқаға тапсыруы заңда қарастырылмаған! Азаматтық кодекстің 380-бабына сәйкес, Қазақстанда азаматтар мен заңды тұлғалар, соның ішінде кәсіпкерлер кіммен келісімшартқа отырамын десе де ерікті, оған мәжбүрлеуге жол берілмейді. ҚҰБҰ мен пайдаланушылар арасындағы келісімдер азаматтық-құқықтық қатынастар саласына жатады», – деді Әділет министрлігі.

Заң бойынша ҚҰБҰ жиналған сыйақыны бөлу және төлеу үшін шаралар қолдануға міндетті. Бірақ өмірде олай бола бермейді. ҚҰБҰ-лар бизнесмендерден жинаған жүздеген миллион қаржысын авторлармен көп бөлісе бермейді. Мысалы, танымал эстрада әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова жақында журналистерге берген сұхбатында бүкіл әлемде сақталатын авторлық құқықтың Қазақстанда сақталмайтынына налыды.

«Барлық әлемдік жұлдыздар, тіпті ресейлік әртістер өз туындысы үшін әр жақтан пайыздап табыс табады. Бізде ол жоқ. Елімізде авторлық қаламақыны жинаумен айналысатын бірнеше ұйым бар. Алайда олар өзара тіл табыса бермейді. Күні кешеге дейін мен де осындай бір ұйымға мүше болдым. Өткен жылы біз үнемі жиналумен болдық, тіпті басшымызды ауыстырдық: бұрынғысының орнына Мейрамбек Бесбаевты қойдық. Жаңа басшы ұжымдық басқару ұйымының жұмысынан көптеген бұзушылық тапты. Енді оның жұмысын қайта қалпына келтіре алмай жатырмыз, барлығы бұғатталды», – дейді әнші.

Ол бұл іспен билік үкіметтік деңгейде шұғылданып, оны Мәдениет, Әділет министрліктеріне жүктеуді ұсынады.

«Авторлық құқықпен айналысатын ұжымдар біздің есебімізден қаржыландырылады. Сондықтан, құжаттары да, есептері де – бәрі мөлдір, жария болуға тиісті. Заң бойынша бұл ұйымдар барлық жиналған ақшаның 30%-ын өздеріне, әкімшілік шығыстарына алып қояды екен. Өңірлерге шыққанда, мейрамхана-тойхана иелерінен оларда пайдаланылатын музыка үшін ай сайын төлем аударып тұратындарын еститінбіз. Ол ақша әртістерге қаншалықты дұрыс жететінін білмеймін. Елде карантин басталып, әнші-әртістер жұмыссыз қалғанда, елімізде авторлық құқықтар туралы заң жұмыс істемейтінін өткір сезіндік. Әндеріміз барлық жерден естіледі. Содан бізге қандай да бір пайыз түскенін қалаймыз. Қанша дегенмен еңбегіміз бар», – дейді Ж.Ысқақова.