Мектептер мен балабақшаларды сатып алу рәсімдерінен босату ұсынылды

0
551

Спикердің айтуынша, сатып алуды алдын ала өткізу мақсатында сауданы жоспарлау институтын құру көзделген.


Мектептер мен балабақшаларды сатып алу рәсімдерінен босату ұсынылды

ERNUR.KZ. Бұл қызметті бірыңғай ұйымдастырушыларға беру көзделген. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ҚР Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.

Спикердің айтуынша, сатып алуды алдын ала өткізу мақсатында сауданы жоспарлау институтын құру көзделген. Бұл биылғы жылы бюджеттік комиссия мақұлдаған өтінім негізінде, бюджеттің бекітілуін күтпей-ақ, сатып алулар жүргізуге және келесі жылға шарттар жасасуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, конкурс өткізу туралы алдын ала хабарландыруды жариялау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өтінімдерді қабылдау мерзімін 15 күннен 7 күнге дейін қысқартуға ықпал етеді.

"Рәсімдерді оңайлату мақсатында биылғы жылы 1 шілдеден бастап негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі, бұл сатып алу рәсімдерін 30 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, ал қазір орташа ұзақтығы 2 айды құрайды. Бұл тәсіл кеңсе тауарларын, ЖЖМ, байланыс қызметтерін және т. б. сатып алу сияқты стандартты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша пайдаланылатын болады. Онда, бірінші кезеңде негіздемелік келісім жасалатын белгіленген талаптарға сәйкес келетін әлеуетті өнім берушілер іріктелетін болады. Бұл нарықта өзін жақсы көрсеткен компаниялар болады", – деді Дәурен Кеңбейіл.

Қаржы вице-министрі сондай-ақ саладағы бұзушылықтардың көпшілігі сатып алушы органдар тарапынан, яғни, біліктіліктің төмендігінен туындайтынын атап өтті. Сондықтан әлеуметтік саланың тапсырыс берушілерін: мектептер, балабақшалар, интернаттар, емханалар және т. б. мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізуден оларды біртіндеп босату ұсынылды. Бұл ретте мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушыларға беру көзделген.

"Бұл орталықтандырылған сатып алу органдарының біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді, өйткені сатып алуды тек білікті мамандар ғана жүзеге асырады", – деп атап өтті Дәурен Кеңбейіл.