​Мектептің спорт залдарында түнгі сағат 22:00-ге дейін спортпен шұғылдануға болады

0
1 774

Мәселені шешіңіздер. Керек болса еденін ауыстыруға, бояуға, жөндеуге қосымша төлем алыңыздар.


​Мектептің спорт залдарында түнгі сағат 22:00-ге дейін спортпен шұғылдануға болады

ERNUR.KZ. Павлодар облысында мектептердегі спорт залдарда түнгі сағат 22:00-ге дейін халықтың спортпен шұғылдануына болады, деп жазады pavlodarnews.kz.

Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында өңірлік дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Марат Айдашев халықты дене шынықтырумен қамту барысында мектептегі спорт залдарға қатысты мәселе туындайтынын айтты.

- Мектеп спорт залдары тек кішкентай балаларды ғана кіргізеді, - деді Марат Айдашев. – Кешкі уақытта 14 жастан жоғарыларды көбі кіргізбейді.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, адамдардың қауіпсіздігіне жауап беретіндіктен, мектеп спорт залдарын тек кешкі сағат 20:00-ге дейін ғана пайдалануға болады. Өңір басшысы Болат Бақауов халық түнгі 22:00-ге дейін рұқсат сұрап отырғандықтан, мәселені шешуді тапсырды.

- Қысқы уақытта адамдар не істейді? Спорт залдарды ашыңыздар, айналыссын. Мәселені шешіңіздер. Керек болса еденін ауыстыруға, бояуға, жөндеуге қосымша төлем алыңыздар. Халықты спортпен қамту жұмысы нәтижелі болады, деді Болат Бақауов.

Айта кетейік, биыл облысымызда тоғыз айдың ішінде 1124 спорттық шара өтіп, 160 мың адамды қамтыған. Алдағы бес жылда Достық шағын ауданында «Баянтау» сияқты спорт сарайын ашу, Сарыарқа, Усолка, Екінші Павлодар шағын аудандарын футбол және хоккей корттарымен толық қамтамасыз ету жоспарланған.