Мемқызметкерлердің қазақ тілін меңгеруіне қатысты заңға өзгеріс енгізу керек – Әділбек Қаба

0
2 437

Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруіне қатысты бірқатар проблема бар.


Мемқызметкерлердің қазақ тілін меңгеруіне қатысты заңға өзгеріс енгізу керек – Әділбек Қаба

ERNUR.KZ. Бұл туралы Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба «Мемлекеттік тіл – халықты ұйыстыру құралы» тақырыбы бойынша өткен алқалы отырыста айтты, деп жазады baq.kz.

Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді меңгеруіне қатысты бірқатар проблема бар. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеруі үшін тиісті нормативтік талаптарды белгілеу қажет. Ол үшін «Мемлекеттік қызмет туралы заңына» мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде біліктілік талаптарына сәйкес білуін анықтауына бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Б корпусының мемлекеттік-әкімшілік лауазымына арналған конкурсты өткізу қағидаларына Қастест жүйесі бойынша мемлекеттік қызметкерлердің тест тапсыруына өзгертулер енгізу керек, - деді Әділбек Қаба.

Оның айтуынша, мемлекеттік тілді этносаралық тіл ретінде орнықтыруға бағытталған шаралар кешенін қабылдау мәселесін де қарастыру керек.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының қазақ топтарында балаларды оқыту, тәрбиелеу ақысын төмендету тетігін қалыптастыру керек. Сол кезде қазақ топтарына ата-аналар арзанырақ болғаны үшін береді. Оқушылардың өз ойларын қазақ тілінде жеткізуді қалыптастыру мақсатында орыс, ұйғыр, тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде қазақ әдебиетін оқыту мәдениетін қалпына келтіру қажет, - деді ол.

Әділбек Қаба айтқандай, жастарды мемлекеттік тілді оқытуға ынталандыру мақсатында білім беру ұйымдарының оқыту тіліне қарамастан ҰБТ жүйесінде қазақ тілінің шекті мәнін белгілеу қажет.

Қазіргі уақытта қазақ тілін меңгергені немесе меңгермегені ескерілмейді. 9 өңірде тілдерді басқару басқармалары жабылып қалған. Біз латынды жаппай оқытуды бастасақ, мектеп жасында ғана емес, барлығын оқыту керек. Бұл жағдайда біз тіл орталықтарының көмегімен ғана жұмыс атқарамыз. Егер олар жабылып қалса, жұмысымыз қиындайды. Тілдерді дамыту басқармаларын дербес құрылым ретінде қарастыру ұсынылады, - деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы.
Бұған дейін Әділбек Қаба оқыту орталықтарының қызметкерлері назардан тыс қалғанын айтқан болатын.