Мемлекет басшысы Дулат Ағаділдің өліміне қатысты пікір білдірді

0
1 149

Қасым-Жомарт Тоқаев Дулат Ағаділдің өлімі қоғамда дау тудырғандықтан, бұл іспен мұқият танысқанын жеткізді.


Мемлекет басшысы Дулат Ағаділдің өліміне қатысты пікір білдірді

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің өліміне қатысты пікір білдірді, деп жазады sputniknews.kz.

"Қоғамдық резонансты ескере отырып, мен бұл іспен жете таныстым. Өкінішке қарай, белсенді Ағаділ жүрек жетіспеушілігінен қайтыс болды деп сеніммен айта аламын. Себепті басқадан іздеу – шындықты бұрмалау деген сөз", - деді Тоқаев Informburo.kz ақпарат порталына берген сұхбатында жұрттың ресми ақпаратқа сенбей отырғаны туралы сұраққа жауап бере отырып.

Президент өз сөзінде марқұм кім болса да, қандай көзқарасты ұстанса да, ең алдымен оның адам екенін, ал адам өмірі бірегей және бағасыз екенін атап өтті.

"Бәріміз де Алланың жазғанына бағынамыз. Иманды болсын", - деді мемлекет басшысы.

Дулат Ағаділдің өлімі

25 ақпанда ішкі істер органдары Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қоғам белсендісі Дулат Ағаділдің қайтыс болғанын хабарлады. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригада қызметкерлері ер адамның өлімін растады.

Ағаділ қаңтар айында сырттай айыпты деп танылып, оған қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған еді. Мұны орындамағаны үшін сот қоғам белсендісіне қатысты шараны қамауға алмастырды.

24 ақпан күні кешке Ағаділ үйінен тергеу абақтысына жеткізілді. Оған қатысты қылмыстық заңбұзушылық жасап, судья мен сот отырысына қатысушыларға тіл тигізгені үшін қылмыстық іс қозғалған болатын.