Мемлекеттік бағдарламамен үй алып беруге уәде берген алаяқ ұсталды

0
596

Ол өз құрбандарын таныстарының арасынан іздестірген.


Мемлекеттік бағдарламамен үй алып беруге уәде берген алаяқ ұсталды

ERNUR.KZ. Мемлекеттік бағдарлама бойынша аз қамтылған отбасыларға үй алып беруге уәде еткен алаяқ әйел ұсталды, деп жазады Polisia.kz.

Осы іспеттес қылмыс жасап, бұрын сотты болған 60 жастағы М.есімді алаяқ әйел өзін белгілі бір партия мүшесі ретінде таныстырып, адамдардың сеніміне кіре отырып, ірі көлемде ақша иемденіп кеткен.


– Ол өз құрбандарын таныстарының арасынан іздестірген. Ал алаяққа алданған кейбір азаматтардың әлеуметтік жағдайлары жоғары бола тұра, бағдарлама бойынша пәтер алуға ниет білдірген. Тез арада пәтерді алдын-ала кезекке қою үшін төлем жасауды ұсынған. Осылайша ол, адамдардың сеніміне кіре отырып, олардан 300 мың мен 1,5 миллион теңге көлемінде ақша алған. Алаяқ әйелдің арам пиғылына алданған кейбір азаматтар өздерінің соңғы ақшаларын ұстата салса, кейбіреулері несие алуға дейін барған. Алайда, әккі келіншек ешкімге көмектесуге ниетті емес еді. Зардап шеккендерің ешқайсысы пәтерлі болмады. Ал алаяқтық жолмен қолына түскен қаражатты әйел өз жеке мүддесіне жұмсап жіберген, – деп мәлімдеді Алматы қаласы Бостандық аудандық ПБ-ы жанындағы полиция бөлімінің бастығы Ғалым Қасымбаев.


Қазіргі таңда, күдіктінің осындай сегіз алаяқтық қылмыстарға қатыстылығы анықталды. ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-тармағы 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда.