Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады?

0
1 220

Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі өзгерген.


Мемлекеттік қызметке қалай орналасуға болады?

ERNUR.KZ. Облыс студенттері арасында мемлекеттік қызметті танымал ету мақсатында Мемлекеттік қызмет жөніндегі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы Агенттіктің облыс бойынша департаменті Қарағандыдағы ЖОО-лардың бірінде кездесу ұйымдастырды, деп жазады ҚазАқпарат.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ студенттерімен кездесті. Шара барысында ЖОО болашақ түлектері мемлекеттік қызметке орналасу ережелеріне және мамандарды іріктеуде қойылатын талаптарға қатысты сауалдар қойды. Барлық қызықтырған сұрақтарға департамент қызметкерлері толыққанды жауап қайтарды.

«Мемлекеттік қызмет - мемлекеттік саясатты жүзеге асыру мақсатында практикалық қызмет ететін биліктің атқарушы органдары. Бұл - тек жайлы кеңселер мен тұрақты жалақы ғана емес, бұл - күнделікті қарбалас, тынымсыз еңбек», - деп атап өтті департаменттің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әсел Белялова.

Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі өзгерген. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметтер құзыреттілік пен конкурстық іріктеуге негізделген мансаптық модельге көшті. Яғни, мемлекеттік қызметке өту төмен лауазымдардан басталып, біртіндеп мансаптық көтерілу арқылы жүзеге асырылады. Конкурс өтетіні туралы хабарландыру мемлекеттік органдардың сайттарында және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сайтында жарияланады.

Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды хабарландыру соңғы жарияланғаннан келесі жұмыс күнінен бастап 7 жұмыс күнінің ішінде тапсыру қажет. Конкурстық іріктеудің алғашқы кезеңі - ҚР заңнамасын білуге бағытталған тестілеу. Бұл тесттілеуді азаматтар алдын ала тапсыра алады. Тестілеуден сәтті өткен жағдайда сертификат бір жылға жарамды. Аталған сертификатпен онда көрсетілген санат бойынша кез келген жалпы конкурсқа қатысуға болады. Заңдар тізбесі, тестілеу ұзақтығы және сұрақтар саны кандидат таңдаған тестілеу бағдарламасымен анықталады. Тестілеуге жазылу үшін электронды үкімет веб-порталы арқылы, Халыққа қызмет көрсету орталығы немесе студенттерге қызмет көрсету орталығы арқылы өтініш беру, тестілеу бағдарламасын, тест тапсыру күні мен уақытын таңдау жеткілікті. ХҚО-на және СҚО жүгінген кезде өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы керек.

Тестілеудің келесі кезеңі - бұл жеке қасиеттерін бағалау. Ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік қызметтер саласындағы заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілгенін, құзыреттерді бағалау жүйесі жетілдірілгенін айта кеткен орынды. Тестілеу негізінде кандидат туралы толық мәлімет белгілі болатын, психометриялық тапсырмалар мен ситуациялық кейстер жатыр.

Кандидаттар өздері жайлы жалған мәліметтер ұсынбас үшін бағалауға шынайылық деңгейін анықтауға арналған сұрақтар енгізілгенін айта кеткен абзал. Шынайылық деңгейі төмен болса (50%-дан аз), тестілеуден өтпеген деп есептеледі. ҚР заңнамасын білуге арналған тестілеудің, сол сияқты жеке құзыреттерді анықтауға арналған сынақтың белгіленген шегінен өте алмаған азаматтар 1 айдан кейін тестілеуден қайтадан өте алады.