Мемлекеттік қызметші өзіне сыйлық берілген жағдайда не істеуі керек

0
3 190

Сыйлық алған және бергені үшін тәртіптік жауапкершіліктен бөлек, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.


Мемлекеттік қызметші өзіне сыйлық берілген жағдайда не істеуі керек

ERNUR.KZ. Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілерге сыйлық қабылдауға қойылған шектеулер түсіндірілді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Осыған дейін департамент Ақмола облысының мемлекеттік органдарына мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтауы туралы хат жолдаған болатын. Оның ішінде қызметтік өкілеттікті орындау кезінде сыйлық алмауына және келісімсіз берілген сыйлықты жеті жұмыс күн ішінде арнайы мемлекеттік қорға тапсыру қажет», деп атап өтті өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қайыржан Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің тапсырмасына сәйкес аталмыш департамент қоғам өкілдерімен бірлесіп, тұрақты түрде Ақмола облысының мемлекеттік органдарында алдын алу шараларын жүргізіп келеді. Мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады.

«Мемлекеттік қызметшілерге өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздеріне мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады. Мемлекеттік қызметшінің келісімінсіз берілген, сондай-ақ, оның тиісті функцияны орындау кезінде алған сыйлық жеті күннің ішінде қайтарымсыз арнайы мемлекеттік қорға тапсырылуы тиіс», - деп толықтырды Қайыржан Сұлтанғазиев.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес сыйлық алу және беру мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіп бұзушылық ретінде қарастырылады. Бұған жол берген мемлекеттік қызметші заңмен тәртіптік жауапкершілікке тартылады, тіпті болмаса, мемлекеттік қызметінен қуылады. Сыйлық алған және бергені үшін тәртіптік жауапкершіліктен бөлек, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Аталған заңбұзушылықтар жемқорлық болып саналады.

«Жыл басынан бері департамент қызметкерлері өкілетті немесе соған теңестірілген функцияларды атқаратын тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы берген жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 3 хаттама толтырды. Ал, ҚР Бас прокуратурасынан алынған материалдар негізінде лауазымды тұлғаға ұялы телефон сыйлаған екі тұлғаға қатысты ҚР ӘҚбК 676-бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Аталмыш тұлғалардың әр біреуі 240 500 теңге көлемінде айыппұл төледі. Сонымен қатар, сот кеңсесінің қызметкеріне 2 мың теңге ақша берген тұлға да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот үкімімен аталмыш азамат ҚР ӘҚбК 676-бабы бойынша кәнілі деп танылып, 481 000 теңге айыппұл салынды», - деп түсіндірді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз хатшысы.