Мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу тәртібі бекітіледі

0
600

Құжат мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың жұмысын бағалау нәтижелері бойынша ақшалай сыйақы төлеу тәртібін бекітуді көздейді.


Мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу тәртібі бекітіледі

ERNUR.KZ. Ұлттық экономика министрлігі «Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге еңбекақы төлеудің кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп жазады baq.kz.

Құжат мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың жұмысын бағалау нәтижелері бойынша ақшалай сыйақы төлеу тәртібін бекітуді көздейді.

«А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне бонустар төлеу «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесіне сәйкес жүргізілетін бағалау нәтижелері негізінде тағайындалады, - делінген құжатта.

«Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне бонустар төлеу «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың үлгілік әдістемесіне сәйкес жүргізілетін бағалау нәтижелері негізінде тағайындалады.

Бонустарды төлеу мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің бірыңғай еңбегіне ақы төлеу жүйесінде бонустық қорды қалыптастыруға көзделген қаражат есебінен жүргізіледі, - делінген ұсынылған құжатта.

Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу жыл қорытындысы бойынша олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша жүргізіледі

Мемлекеттік әкімшілік қызметшіге бонустар төлеу қызметті бағалау жүргізілген мемлекеттік органда жүзеге асырылады.

Бонустарды есептеу кезінде тиісті лауазым бойынша күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталатын және 31 желтоқсанында аяқталатын есепті кезеңде жұмыс істеген нақты күндер саны пайдаланылады.

Мемлекеттік әкімшілік қызметшіге ол сынақ мерзімін аяқтаған және есепті кезеңде оның қызметін бағалау басталған күнге кемінде үш ай мемлекеттік қызметте лауазымға орналасқан жағдайда бағалау нәтижелері бойынша бонус төленеді, - делінген құжатта.

Мемлекеттік әкімшілік қызметші есепті кезең ішінде мемлекеттік орган ішінде бір лауазымнан басқа лауазымға немесе бір мемлекеттік органнан басқа мемлекеттік органға ауысқан жағдайда, бонус осы Қағидалардың 22-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келген жағдайда, ол бұрын атқарған лауазымы бойынша, сондай-ақ жаңа атқарған лауазымы бойынша есепті кезеңде нақты жұмыс істеген уақытына пропорционалды түрде есептеледі.

Бонустар төлеу туралы шешім:

1) «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін мемлекеттік органның басшысы не оны алмастыратын тұлға;

2) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін:

мемлекеттік органның басшысы не оны алмастыратын тұлға;

мемлекеттік органның аппарат басшысы не оны алмастыратын тұлға қабылдайды.

Мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік қызметшісі бонустарының мөлшерін есептеу үшін арнайы формула пайдаланылады.

Мемлекеттік әкімшілік қызметшіге қандай кезде бонустар төленбейді?

1) мемлекеттік әкімшілік қызметшіге қатысты арнайы тексеру жүргізу кезеңінде;

2) осы қағидалардың 22-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда;

3) мемлекеттік қызметшіде есепті кезеңде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар үшін тәртіптік жазасы болған кезде;

4) есепті кезеңде мемлекеттік қызметшінің қызметі қанағаттанарлықсыз баға алған кезде бонустар төленбейді.

Құжат 3 қазанға дейін "Ашық НҚА" сайтында талқылау үшін орналастырылған.