Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – перзенттік парыз

0
1 284

Мемлекеттік Рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның елдігін, бірлігі мен тұтастығын айқыштайтын, әрбір күнінен ажырамай ғұмыр кешетін нышандар.


Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – перзенттік парыз

Дүниежүзіндегі зайырлы, Тәуелсіз елдердің барлығында өзіндік мемлекеттік рәміздер бар. Себебі, рәміздер – әлем халқына елдің елдігін айқындап тұратын ең құнды атрибуттар болып саналады. Сондықтан Қазақстан Республикасын өзге жұртқа айқындап тұратын Ту, Елтаңба мен Әнұранымыз деп сеніммен айта аламыз.


Өткен 2022 жылы елімізде мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Осы орайда өткен күндерге шегініс жасап, рәміздердің тарихы жайлы аз-кем ақпарат айта кетсек. Тәуелсіздік алып, елдің жағдайын бір қалыпқа түсіру жұмыстары басталғаннан кейін, 1992 жылдың бас жағында мемлекеттік үш рәміз - Ту, Елтаңба мен Әнұранды таңдау үшін Жоғарғы кеңес президиумы жұмысшылар тобын жасақтап, арнайы шығармашылық комиссия құрған болатын. Бұл топтың құрамында Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов, Серікболсын Әбділдин, Серік Әбдрахманов сынды көптеген қоғам және мемлекет қайраткерлері болды. Содан соң, ел көлемінде арнайы конкурс арияланып, рәміздердің нұсқалары ұсыныла бастады.

Ресми деректерге сүйенсек, осы байқау аясында қатысушылар тудың 1 200 үлгісін, Елтаңбаның 245 жобасын, Әнұранның 750 нұсқасын ұсынған. Солардың арасынан эстетикалық сипаттамасы, тарихи-саяси, экономикалық-әлеуметтік тұрғыдағы мән-мағынасы басым нұсқалар таңдалып, қазірге дейін халықтың құрметіне ие болып келе жатыр. Атап өтсек, Ту авторы Шәкен Ниязбеков болса, Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов Елтаңба авторлары атанды. Ал, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш әнұранының әуенін жазған авторлар ретінде Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамидидің, мәтін жазған жеңімпаздар ретінде Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев пен Жадыра Дәрібаеваның аты тарихқа енді.

Дегенмен, 2006 жылы ел арасына кеңінен таралған «Менің Қазақстаным» әні жаңа мемлекеттік Әнұран болып қабылданды. Сонау 1956 жылы ән падишасы Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармашылық байланысынан пайда болған бұл туындының бастапқы мәтінін экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев өңдеген еді. Бұл әнұранды Қазақстан Республикасының Парламенті жаңа мемлекеттік гимн ретінде 2006 жылдың 6 қаңтарында бекітіп, тұңғыш рет Әнұран ретінде сол жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде шырқалды. Ал, «Мемлекеттік рәміздер күні» 2007 жылдың 4 маусымында қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым күні тойланып келе жатыр.

Енді Мемлекеттік рәмідердің 30 жылдығы қалай аталып өткенін сөз етейік. 2022 жылдың сәуір айында Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің төрағалығымен «Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның» жиыны өткізілген. Сол отырыста Мәдениет және спорт министрі Мемлекеттік нышандардың 30 жылдығына орай өткізілетін іс-шараларды мәлім еткен. Сонымен қатар, осы отырыста Мемлекеттік рәміздерді, оның ішінде Мемлекеттік Туды қолдануға қатысты мәселені пысықтау да тапсырылған болатын.


Нәтижесінде Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы шеңберінде мереке күні елімізде 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Атап өтсек, әрбір өңірдегі мәдениет үйлерінде осы бағыттағы жиындар өтіп, кітапханаларда «Менің рәміздерім – менің мақтанышым» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды. Елордадағы «Атамекен» этномемориалдық саябағындағы ең биік тутұғырда Мемлекеттік ту көтеру рәсімі секілді идеологиялық маңызы зор іс-шаралар өткізілді. Республикалық Патриоттар форумы ұйымдастырылып, авто-мото шерулер сап түзеді. Жалпы, жыл бойы республика көлемінде 5 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шара өткізілген.


Осы орайда «Мемлекеттік рәміздерді қалай қолдану керек?» деген сұраққа да жауап іздеп көрдік. Естеріңізде болса, 2020 жылдың күзінде Президент Мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңды қайта қарау қажеттігін тапсырған. Ізін ала Мемлекеттік Туды патриоттық сезімді ояту мақсатында балконға ілуге ресми түрде рұқсат етіліп, Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғынүй қабырғасына ілуге рұқсат ету бойынша да тапсырма жүктеген. Тиісінше, қазір азаматтар Мемлекеттік Туды патриоттық мақсатта кеңінен қолданып, үйдің балконы, терезесі және көлігіне еркін іле алатын мүмкіндікке ие болды. Бірақ, Тудың тазалығы мен дұрыс ілу талаптарын сақтауы қажет.

Олай болмаған жағдайда, еліміздегі жаңа заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағандар 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуі әбден ықтимал. 3 мың АЕК дегеніңіз – 10 миллин теңгеден астам қаржы. Немесе Президент тапсырмасы бойынша енгізілген бұл өзгерту аясында рәміздерді қорлағандар 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады.


Тағы бір айта кетерлік жағдай – Мәдениет және спорт министрлігі Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында биыл да Қазақстан патриоттарының республикалық форумын өткізгелі отыр. Бұл жиынды 2 маусым күні сағат 11.00-де Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы филармонияда өткізу жоспарланған. Оған өңірлерде қызмет ететін түрлі сала өкілдері, мәдениет және өнер майталмандары қатыспақ. Мұндағы мақсат – жастардың Мемлекеттік нышандарға деген құрметін, елжандылық сезімін арттырып, рәміздердің ұлт мүддесін бір арнаға тоғыстыру құралы ретіндегі рөлін нығайту.


Мемлекеттік Рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның елдігін, бірлігі мен тұтастығын айқыштайтын, әрбір күнінен ажырамай ғұмыр кешетін нышандар. Сондықтан, рәміздерге құрмет көрсетіп, шамасы жеткенше әлемге таныту әрбір қазақстандықтың міндеті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шуағын шашқан күн, ал оның астында қанатын жайып, қалықтаған бүркіт бейнеленген, тік бұрышты, түсі көгілдір мата. Ту сабының тұсы ұлттық нақыштағы оюмен өрнектелген. Күн, оның шұғыласы, қыран мен ұлттық өрнек алтын түске боялған.


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген. Шаңырақтың айналасына күн сәулесі сынды таралған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң және сол жағында аңыз-әпсаналарда айтылатын қанатты пырақтар орналасқан. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты жұлдыз болса, төменгі бөлігінде «ҚАЗАҚСТАН» деген жазу бар. Жұлдыз, шаңырақ, уықтар, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі мен «ҚАЗАҚСТАН» деген жазу алтын түстес.


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Ол алғаш рет 2006 жылдың 11 қаңтарында Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ