Мен Қазақстаннан ешқайда кеткен жоқпын – Назарбаев

0
542

Елбасы элита арасында ешқандай жанжал немесе текетірес жоқ екенін айтты.


Мен Қазақстаннан ешқайда кеткен жоқпын – Назарбаев

ERNUR.KZ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда Қазақстан астанасында екенін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Менің атыма түсіп жатқан көптеген хаттар мен БАҚ-тағы хабарламаларға байланысты жауап бере отырып, мынаны мәлімдеймін: 2019 жылы мен өкілеттігімді президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырдым. Содан бері зейнеткермін. Қазіргі таңда Қазақстан астанасында құрметті демалысымдамын және ешқайда кеткен жоқпын", - деді Елбасы үндеуінде.

Ол барлық билік президент Тоқаевтың қолында екенін атап өтті. Сонымен қатар Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы екенін растады.

"Таяуда президент Nur Otan партиясының төрағалығына сайланады. Сол себепті ел элитасында ешқандай жанжал немесе текетірес жүріп жатқан жоқ. Бұл тақырыптағы қауесеттер мүлде негізсіз", - деп сендірді Назарбаев.

Ол сондай-ақ өзінің 30 жыл бойы Отанның дамуы жолында жұмыс істегенін айтты.

"Менің 30 жыл бойы Отанымыз үшін жұмыс істегенімді бәрі біледі. Біз елдің шекарасын нығайттық. Біз прогрессивті реформалар жүргіздік. Біз бірге тәуелсіз Қазақстанды құрдық, әлеуметтік-экономикалық бағытта үлкен нәтижелерге қол жеткіздік, көптеген көрсеткіш бойынша Орталық Азияда ғана емес, ТМД-да да көшбасшы болдық", - деді Назарбаев.

Қазақстан әлемдік қоғамдастықта белгілі және беделді мемлекетке айналды. Бұл барлық қазақстандықтың ынтымағы мен бірлігінің нәтижесі, деп жалғастырды Елбасы.

"Елдегі тұрақтылық пен тыныштық әрқашан менің мақсатым болды. Бұл құндылықтарды бәріміз сақтауымыз керек. Біз міндетті түрде дағдарыстан өтіп, мықты бола түсеміз. Президент халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бұл бағдарламаны қолдау қажет", - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға денсаулық тілеп, мемлекет басшысы қызметінде болғанда жүргізген реформалар мен жаңғырту бағдарламаларына қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.