Министр: Хайуанаттарды өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет

0
653

Министр жануарларға қатыгездік танытудың соңы адамдарға қатысты қаталдыққа, одан әрі ауыр қылмысқа да, психикалық ауытқуы бар адамдардың пайда болуына алып келуі мүмкін екенін айтады.


Министр: Хайуанаттарды өлтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет

ERNUR.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәжіліс депутаттары әзірлеген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы қоғамдық талқылауға түскенде, осындай пікірде екенін білдірді, деп жазады inbusiness.kz.


«Біз заңнаманы қатаңдатуымыз керек әрі Қылмыстық кодекске нормалар енгізуіміз қажет деп санаймыз. Егер жануарларға қатыгездікпен қарау фактілері тіркелсе, бұл өлімге, жарақат алуға әкеліп соқтырса, онда заңнаманы қатаңдатып, мұндай әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу қажет», – деді Мырзағалиев сәрсенбіде.


Ол соңғы кезде жануарларға қатыгездікпен қарау фактілері жиілеп бара жатқанын атап өтті.


«Жақында ғана БАҚ-та жануарларға қатысты жаға ұстататын қарым-қатынастың жаңа фактілері туралы жарияланды. Шымкентте ер адам көшеде балалардың көзінше мысықты атып тастаған. Ал Нұр-Сұлтанда белгісіз біреулер мысықты шарбаққа іліп қойған. Астанада тағы бір кішкентай бала мысықты ең үстіңгі қабаттан баспалдақтың аралығына лақтырған. Мұндай қатыгездік бірінші рет болып отырған жоқ», – деді М. Мырзағалиев.


«Біз осы саладағы жағымсыз көріністердің барлық түріне нақты заңнамалық тосқауыл қоюымыз керек. Ендігәрі қайталамайтындай етіп, заңбұзушыларды қатаң жазалауымыз керек. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде мұндай қылмыстар үшін тағайындалатын жаза жұмсақ, қатаңдауды қажет етеді», – дейді ол.


Министр жануарларға қатыгездік танытудың соңы адамдарға қатысты қаталдыққа, одан әрі ауыр қылмысқа да, психикалық ауытқуы бар адамдардың пайда болуына алып келуі мүмкін екенін атап өтті. Елімізде қылмыстық жазаны енгізумен қатар, М.Мырзағалиевтің пікірінше, қоғамда мораль заңдарын, барлық тіршілік иесіне адамгершілікпен қараудың нормаларын қайта құру қажет.


«Қоғамдағы гуманизмді, соның ішінде экологиялық сананы тәрбиелеу – бұл қазірде біз атқарып жатқан және соның ішінде Білім министрлігімен бірге жалғастыра беретін ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бірнеше рет айтқандай, табиғат пен жан-жануарға ізгілікпен қарауды бала жастан бойға сіңіру қажет», – деді министр.